Елордалық кәсіпкер түйе жүнінен шұлық пен көрпе шығарады

1 Қараша 2019, 11:15
10857
Бөлісу:
Елордалық кәсіпкер түйе жүнінен шұлық пен көрпе шығарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Толғанай Елекбаева Ресей Федерациясының Алтай өлкесі Қосағаш ауданы Мухор-Тархата ауылында дүниеге келген. Атажұртқа оралған соң ұлттық дәстүрді жалғастырып, түйе жүнінен қолөнер бұйымдарын жасаған. Кішігірім сырмақтан басталған кәсібі бүгінде шұлық және көрпе шығаратын фабрикаға айналып отыр.  

Тіл маманы 
Лидерлік қасиет мектептен қалыптасты. Мектеп кезінен белсенді болдым. Таңертең сабағымды оқысам, түстен кейін кез келген қоғамдық жұмысқа белсенді қатыстым. Бәрін біліп, үйренгім келді. Бірде жүзгің, бірде доп ойнағың келеді, бірде тігумен айналыстым. Жасаған істі 100 пайыз жақсы дәрежеге жеткіздім. Соңғы сыныпқа көшкенде тіл маманы болғым келді. Мектепте неміс тілін, университетте француз тілін, аспирантурада ағылшын тілін оқыдым. Бірақ 10-15 жыл қол үзіп қалдым. Мектепте орысша оқып, ана тіліне байланысты алтай тілін меңгердім. Алтай тілінен олимпиадаларда жеңіске жеттім. ҚР Білім министрлігінен келген адамдар "Отанға оралыңыздар, тегін оқуға мүмкіндік жасаймыз" деген соң Алматыға келдім. Өз бетіммен Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетіне түсіп, қызыл дипломмен бітірдім. Қазақстанда қалғым келді, бірақ ата-анам үйге алып кетті. 

Ресейде жұмыс істеп жүргенде өзге ұлттардың тілін жандандыру процесі жүріп жатты. Маған аспирантурада оқуды ұсынды. Бір жыл дайындалып, Мәскеуге оқуға аттандым. Ғылыми жобалармен айналыстым. Отбасылы болып Қазақстанға келдім. Сол кезде кез келген елдің адамына қазақы дүние сыйлайтынмын. Киізден жасалған кішігірім сырмақтар жасататынмын. Үшінші балам дүниеге келгенде сіңлімнің "елге айта бересің, неге өзің жасамайсың?" дегені бар. Педагог болған соң бұған білімім жетпейтін сияқты көрінді. Сіңліммен жобаларға қатысып, бірге жасай бастадық. Мәскеуде жүргенде этнография тақырыбы қызықтырды. Бір жылдары Қазақстан елшілігінде сабақ бердім. Балаларымның қазақ тілін меңгеріп, қазақ мектебінде оқығанын қаладым. Мәскеуде он шақты адамға жеке қазақ тілінен сабақ беріп жүрдім. Тіл маманы болған соң өмірлік тақырыбым – ана тілі. Ал жүннен өнім дайындау соның легімен адамның ұлттық санасын оятуға, қалыптастыруға жасалып жатқан жұмыс деп білемін. 

Кәсіпке алғашқы қадам 

Қазақстанға келген соң "Индустриаландыру бесжылдығы", "Бизнестің жол картасы" бағдарламаларын қолдануға тырысып, бірінші оюлы киімдер саттық. Оюды ұсынып, дизайнер ретінде ұйымдастырдық. Моңғолияда өндірілді. Басқа елде өндірсең де толық өнім деп айта беруге болады екен. Қазір осылай заңдастырылған екен. Бұл – халықтың мүлкі, ал біз жаңа леп, жаңа келбет қосып ұсындық. Шығарған каталогымызды халық сұраныспен алып кетті. Қазіргі заманға сай келетін әртүрлі кілемдерді салғанда үйлесім берді. Тұтынушыны тәрбиелеп, өзімізге баурап алдық. Мұны шетелге көрсету керек дейді. Жақсы, сыйлағыңыз келсе, сыйлаңыз. Бірақ біз мұны шетелге сату, таныту үшін емес, әр қазақтың үйінде осындай дүние болса екен деп шығарамыз. Іштегі бала қазақы менталитетке тәрбиеленеді. Рухани азықты құлақпен ғана емес, көзбен де қабылдаймыз. Адамның жан-жағын қоршаған заттар да тәрбиелейді. Педагог болғандықтан болашақ ұрпақтың тәрбиесіне үлкен мән бердім. Бір қызығы балаларым Мәскеуден астанаға қазақ тілін біліп келді. Бірақ мектепте, көшеде орысша сөйлеп кетті. Бұған мұғалім де әсер етеді. Кезінде алтай тілі аптасына үш-ақ рет өтсе де мұғалім мені қызықтыра алды ғой. Қазақ тілінің әдістемесіне көп назар аудару керек. 


кас1.jpg

Шұлық пен көрпе шығаратын фабрика 

Кәсіп бастауға жолдасымның үлкен көмегі тиді. Доллар 150-180 болып тұрған кез. Ол кәсіпкер болған соң шикізатты бірден көптеп алдық. Түйе жүнді өңдеуге тікелей тапсырыс бердік. Қымбат бағаға жасаттық. Жұмысшы алдық. Алғашында 150 мың теңге жалақы дедік. Тәжірибесі өмірлік ұстанымы, позициясы қатты ұнап қалды. Бізді ол Қазақстанда өндірістің тоқырауы туралы мақала жазып, материал іздеп жүрген кезінде тапқан екен. Бір айдан кейін жалақысы 350 мың болды. Осындай мамандардың болғанын қалаймын. Біліміне сай жалақы алса деймін. Фабрика, цех салып жатырмыз. Оюлы сырмақтар шығару басты мақсатым еді. Бұл – өндіріс ретінде қалыптаспаған, тарихта болмаған дүние. Мұнымен тек жеке адамдар айналысқан. 

04b4e96a-6385-4f89-9861-aaf83a4b2fba.jpg

69ee291e-2d3a-4351-b057-66de36b72308.jpg

"Даму" бағдарламасымен елордада шұлық фабрикасын аштық. Түйе жүнінен шұлықтар өндірмекші болып жүн дайындап алдық та, технологиялық сатысын жүргізетін өндірісті тіптен таба алмадық. Тазаланған жүн болған соң мата іздеп, көрпе жасап кеттік. Түйе жүнге деген қазақтың көңілі ерекше, емдік қасиеті баяғыдан дәлелденген. Матасы да жақсы, сапалы болсын деп Түркістаннан арнайы тапсырыспен жасадық. Үлкен партиямен ғана жасайды екен. Жаңадан ашылып отырған соң ірі тапсырыс бере алмаймыз. Болашақтағы нарық деп сеніммен аз болса да жасап берді. Ыңғайсыздық жасаған себебіміз олардың дайын өнімін алмай отырмыз. Өзіміз дизайнын ұсынып, олар жаңадан технология енгізіп әзірледі. Қазір Instagram арқылы елмен қауышып, сауда жүргізіп жатырмыз. Басында сайтымыз арқылы тапсырыс алдық. Қазір әлеуметтік желі арқылы заман ырғағымен келе жатырмыз. 

Өніміміздің таралу аясы кең. Америкадан бастап барлық мемлекетке жетті. Қызымның мектебіндегі ОАР-лық ұстаз шұлық, кілемше алып кетті. Өнімдеріміз әлемге таралып жатыр. Челябинскіге сауда миссиясымен барып қайттық. Болашаққа деген сеніміміз мол.


кас2.jpg

Табиғи өнімді тұтыну ата-бабадан мирас болып келеді

Әркім болмысын сақтаса, сонымен әдемі. Қазақ халқы ойып алар орны бар әлем өркениетіне несімен үлес қосады дегенде өзіндік болмысымен дер едім. Үйімізде қабырғада тұскиіз ілініп тұрады. Балаларым кішкентайынан сол тұскиізге қарап жатады. Оған қарап жатсаң – жаттығу, көздің шаршамауына, өткірлігінің кетпеуіне әсер етеді. Адамның ой-санасын да дамытады. Алғашқы геометриялық ұғымдарды үйренеді, қиялын дамытады. Ал киіз үй эстетикалық жоғары өлшеммен жасалған. Соның барлығы ішкі жан дүниеміздің сұлулығының көрінісі. Қаншалықты жан дүниеміз бай және әдемі екенін көрсетсе, екінші жағынан жан дүниені сұлуландыратын, тәрбилейтін құрал. Оны істеген адам жан дүниесін көрсетеді, тұтынған адам оны бойына сіңіреді. Киіз үйді, оның ішіндегі бұйымдарды, ұлттық киімдерді бес-алты жасымнан көрдім. Бұл тігіп отырған адамның шеберлігі мен эстетикалық талғамына байланысты. Қандай ою келсе, соны қолымен зерделейді. Қазақтың оюында шексіздік бар. Оюлар адамның ішкі сұлулығы мен эстетикалық талғамынан туған. Онда әдемілік, пропорция, түс, геометрия сияқты жағымды көріністер бар. 

Қаланың орталғында киіз үй формасы пішінінде сауда орталығы болғанын қалаймын. Туристер жаяу жүрсе, көре алатын жер. Бірінші оларды бауырсақ қарсы алады, одан кейін домбыра, киім-кешек, кілем, көрпе-төсек. Мұны жолдасыма да айта беретінмін. Идеяны іске асыру оңай емес екенін көрдім. Басқа адамның қолынан келіп жатса қуанамын. Киіз үй жасайтын кәсіпорын және әр қазақтың үйінде киіз үй болса деп тілеймін. 

Қоғамға жақсы қызмет ету – ұстанымым. Табиғи өнімді тұтыну ата-бабамнан мирас болып келе жатыр. Табиғи азықты бойына сіңірген адам табиғи дүние іздеп тұрады. Материалдық табиғи өнімдерді іздеген кезде "Қалай Қазақстан жүннің үстінде отырып, жүннен өнім таппай жатырсың?" деп сұрайды. Алғашқы мақсатым сырмақ болды. Жүннен де өнімдер шығарып көрейікші деп шұлық жасап бастадық. Содан көрпелер тіктік. Журналистерге айтсам, "Неге өзіңіз жасай бермейсіз?" дейді. Бәрі бір адамның қолынан келе бермейді. Қазіргі экономикалық тұрғыда мемлекеттен де қолдау керек.

Өзгелердің жаңалығы