Елордалық еріктілер көшеде шай мен бауырсақ таратты

29 Қараша 2020, 21:01
1350
Бөлісу:
Елордалық еріктілер көшеде шай мен бауырсақ таратты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «30 игі іс» әлеуметтік қайырымдылық жобасы өтуде. Оның аясында еріктілер қала көшелерінде шай мен бауырсақ тарату акциясын өткізді. 

Бүгін ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, еріктілер «30 игі іс» акциясын қолдауға шығып, елорда тұрғындары мен қонақтарына, қаламызды тазалайтын «Астана тазалық» ЖШС қызметкерлеріне ыстық шай мен бауырсақ таратты. Осылайша, еріктілер осы аязды күні жақсы көңіл-күй сыйлап, өз ықыластарымен көпшілікті жылытты. Барлығы 50 литр шай және 7 кг бауырсақ таратылды, - деп хабарлады «Астана Жастары» ЖРО.

Қардың көп түскені жеке үй тұрғындарына, қарт адамдарға көп қиындық тудырды. Осыған байланысты қалалық штаб пен Қазақстан Еріктілер лигасының еріктілері акция аясында зейнеткерлерге аулалардағы қарды тазартуға көмектесті.

Еріктілер жалғыз тұратын қарт адамдарға, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне көмектесті. Жастар қар шығарып, арықтарды тазартты. Бұл үй жанында еріген қар кедергісіз ағып кетуіне көмектеседі. Еңбекқор, мейірімді, үлкенге ізет көрсететін жастар 30 қарттың ауласын ю қардан тазартты. Акцияға қатыса отырып, еріктілер жас ұрпақтың ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің қосқан үлестерін есте сақтайтынын және бағалайтынын көрсеткісі келеді, - деп атап өтті ЖРО.

Еске сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордада «30 игі іс» ұранымен эстафета басталды.

Қала тұрғындары эстафетаға қосылып, акция аясында өз парақшаларына #Мейірімдіболуәдет, #Добротаобразжизни #Моднобытьдобрым хештегімен жазба немесе бейне жариялай алады.

Өзгелердің жаңалығы