Елордалық студент Әлем чемпионы атанды

12 Қыркүйек 2019, 13:53
2289
Бөлісу:
Елордалық студент Әлем чемпионы атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Ұлжан Дюсембаева Оңтүстік Кореядағы Чхунджу қаласында өткен Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарынан алтын медальмен оралды.

Осы күнге дейін университет спортшылары әлемдік спортта өз бақтарын сынап, ел намысын үлкен табандылықпен қорғап келеді. Бұған дәлел – ҚазАТУ студенттерінің Чхунджу қаласында өткен Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарынан белбеу күресінен әкелген жеңісі. 

Аталмыш спорт түрінен тартыс 1-4 қыркүйек аралығында өткен. Сайысқа 100-ге тарта елден келген спортшылар бақтарын сынады. Ұлжан Дюсембаева 65 салмақ дәрежесі бойынша 1 орынды иеленді.

Ол «Компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру» факультетінің екінші курс студенті. Белбеу күресімен 4 жылдан бері айналысып келеді. Бүгінгі таңда спорт шебері, 2017 жылы Әлем чемпионы атанған. 

«Осы жолғы жетістікке жаттықтырушым Ерлан Сатбаевтың арқасында қол жеткіздім. Ол кісіге үлкен алғысымды білдіремін!» - дейді Ұлжан.

Өзгелердің жаңалығы