Елордадағы сұранысы жоғары мамандықтар

21 Сәуір 2021, 21:21
1492
Бөлісу:
Елордадағы сұранысы жоғары мамандықтар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада еңбек нарығын реттеуді жүзеге асыратын Халықты жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 6000-ға жуық азамат жұмыс іздеп жүгінді.

Оның барысында 3800-ден астам адам жұмысқа орналастырылды. Ал оның 1700-ден астамы тұрақты жұмысқа тұрды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елорда еліміздегі құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан қала болғандықтан еңбек нарығында әсіресе құрылыс саласының мамандарына сұраныс көп. Атап, айтқанда прораб, шебер, тас қалаушы, арматурашы, инженер-сметашы, бетоншы, кран-машинисті, ТҚҰ инженері, әртүрлі жұмыс істеуші жұмысшылар қажет.

Сонымен бірге, Президенттің бастамасымен өткен жылы енгізілген «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы биыл да жалғасады.

2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында 21 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жобаларды жүзеге асыру аясында 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның 50%-ы жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асырылады.

Бас қалада қоғамдық тамақтану саласының мамандары сұранысы жоғары жұмыс түрінің көшін бастап тұр. Әсіресе, наубайшы, аспаз, түрлі тағамдар цехына аспаз, ас-үй қызметкерін іздейтіндер көп. Елордалықтардың тәтті тағамдарды қолдануы артқан. Кондитерге сұраныс көбейген.

Қазіргі эпидахуалға байланысты денсаулық саласының қызметкерлерінің жетіспеушілігі байқалады.

Электронды еңбек биржасының (www.enbek.kz) порталына 45 000-нан астам мекеме тіркелген. Қазіргі уақытта 1 039 мекеме жұмыскер іздейді. Ол жерде 7 064 бос орын бар.

Қазір, Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 120 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуларға жіберілді. Жеке кәсіп бастаймын деген жаңа бизнес идеясы бар жобаларға 61 мемлекеттік грант берілді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлік негіздерін оқытатын «Бастау бизнес» жобасы бойынша 700 адамға жолдама берілді.

Өзгелердің жаңалығы