Бас жаңалықтар
Елордада жылына 30 мыңнан аса сәби дүниеге келеді
12 Шілде 2019, 15:50 173

Елордада жылына 30 мыңнан аса сәби дүниеге келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 3 перинаталдық орталықта күніне 100-ге жуық сәби дүние есігін ашады, деп хабарлады Елорда Инфо. 

«Қала бойынша жыл сайын шашамен 31 мың адам сәби дүниеге келеді. Ал күніне 100-ге жуық бала дүние есігін ашады. Бүгінде қалада 3 перинаталдық орталық бар. Біздің көтерген мәселеміз - перинаталдық орталықтарды ауруханалармен біріктіру. Бүгінде қалада бұл тәжірибе №1 перинаталдық орталық пен №2 қалалық ауруханасының базасында қолға алынды. Ендігі уақытта қалған екі орталықты да солай жасау қажет. Неге десеңіздер, себебі перинаталдық орталыққа жүкті әйелдер түрлі жағдаймен түседі, кейде ота жасау керек сәттер болады. Сондай кездейсоқ жағдайда ауруханамен біріктірілгені тиімдірек», - деді №3 перинаталдық орталығының бас дәрігері Зайтуна Хамитуллина. 

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері елордада 16 мыңға жуық сәби дүниеге келді.

«Тағы бір перинаталдық орталықтарға тән ортақ мәселе ол ғимараттардың ескіруі, бізге жаңа ғимарат керек. Оның үстіне өзіңіз білесіз, елордаға жыл санап өңірлерден келушілердің саны артып келеді. Сондай-ақ, маман тапшылығы да бар. Қазіргі таңда елордада реаниматолог және анестезиолог мамандарының жетіспеушілігі бар», - деді ол.

Зайтуна Хамитуллинаның дерегіне сүйенсек, өткен жылы бас қалада түрлі себептермен 3 жүкті әйел көз жұмған. 

Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық