Елордада Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күні қалай атап өтіледі

6 Мамыр 2022, 17:00
1883
Бөлісу:
Елордада Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күні қалай атап өтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алдағы Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай елордада бірқатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады, олардың аясында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіледі. 

Мерекелік іс-шаралар қаланың барлық аудандары мен елді мекендерінде, сондай-ақ ашық алаңдарда ұйымдастырылады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күні мерекесімен әскери оркестр ардагерлер тұратын аулаларға автобуспен барып құттықтады.
Сондай-ақ, бұл күндері елорданың белсенді жастары мен еріктілері адам көп жиналатын орындарда «Жеңіс лентасы» мен естелік белгілер таратады.

6 мамыр күні сағат 17:00-де Отан қорғаушылар күніне орай қалалық Амфитеатр сахнасында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі мен солистері концерттік бағдарламамен өнер көрсетеді. Патриоттық мерекеде қазақтың дәстүрлі және академиялық музыкасы шырқалады. Музыкалық құттықтауларды Қазақ оркестрі мен солистері − Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Сүндет Байғожин, Арайлым Рахымқызы, Естай Мұқашев, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Берік Омаров, Әйгерім Нартүйе орындайды. Кештің көркін «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері Абдурасул Есекеевтің жетекшілігіндегі «Шалқыма» халық би ансамблі қыздырады.

7 мамырда Demalys Promenade аумағында ҚР Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған жалпы білім беретін мектеп оқушылары, орта арнайы және жоғары оқу орындарының студенттері арасында жеңіл атлетикалық эстафета өтеді. Қатысушылар 14 кезеңнен тұратын 5 335 м қашықтықты жүгіріп өтеді.

Бұл күні дәстүрлі түрде елорданың бес алаңында әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттер өтеді. Іс-шаралар Студенттер саябағында сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін, Жазушылар аллеясында сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін, Demalys Promenade аумағында сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін, «Бәйтерек» монументінің жанында сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін өтеді.

Сондай-ақ, сағат 17:00-ден 18:30-ға дейін Амфитеатрда ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы «Қуатты армия – қуатты Қазақстан» концертін ұйымдастырады. Бағдарламада Орталық әскери оркестр мен ансамбльдің қойылымдары қойылады.

«Жастар» сарайы әлеуметтік желілердегі аккаунттарында мереке күндері – 8-10 мамырда «Батыр ерлігі» онлайн-жобасын өткізеді.
Ерлік сабағы 6 мамыр күні №4 балалар кітапханасында, 11 мамыр күні мерекеге орай №4 көпшілік кітапханада «Қармен жуылған қан» атты патриотизм сабағын ұйымдастырады.

АЛЖИР мемориалды-мұражай кешені 10 мамырда Жеңіс күніне арналған «Біз Жеңістің ұрпағымыз!» іс-шарасын өткізеді. Астаналық цирк айтулы даталарға орай көрермендер үшін арнайы цирк бағдарламасын дайындап отыр.

Қуыршақтар театры 6-9 мамыр аралығында «Солдатский котелок» ертегісін көрсетеді.

7 мамыр күні М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында күндіз С.Астраханцевтің «Братец Лис и братец Кролик» ертегісі, ал кешке – «Чем дальше мы уходим от войны...» музыкалық-поэтикалық композициясы көрсетіледі.

Сонымен қатар, «Жастар» театрының репертуарында 6 мамырда «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық спектаклін, 7 мамырда «Жанарымдағы жалғыз әуен» қойылымын, 8 мамырда «Ғашықтар» драмасын көруге болады.

Nomad City Hall сахнасында 9 мамырда Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» драмасы көрсетіледі.

Сонымен қатар, Жеңіс күнін мерекелеу күндері соғыс ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, қоғамдық және жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен Ұлы Отан соғысы жылдары қайтыс болған жауынгерлердің қрухына арнап «Отан Ана» монументіне және соғыс батырлары – Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және т.б. ескерткіштеріне гүл, сол сияқты «Даңқ» гирляндаларын қою рәсімі дәстүрлі түрде өткізіледі.

Еске сала кетейік, Жеңіс күніне орай Нұр-Сұлтанда тұратын 18 Ұлы Отан соғысы ардагеріне миллион теңгеден төленген болатын.

Өзгелердің жаңалығы