Байбек: Көпбалалы аналар мәслихатқа сайлануы керек

19 Ақпан 2020, 09:30
1352
Бөлісу:
Байбек: Көпбалалы аналар мәслихатқа сайлануы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өңірлерге сапары жалғасуда.

Ол Павлодар облысының шалғайдағы бірқатар елді мекендерінің тұрғындарымен кездесіп, көкейкесті мәселелерді сол жерде талқылап, шешімін бірге қарастырды.

Жұмыс сапарының бірінші күні Бауыржан Байбек Новочерноярка ауылының тұрғындарымен кездесті. Мұнда 16 көп қабатты тұрғын үйдің 800-ге жуық тұрғыны орталық жылыту жүйесінсіз тұрып жатыр. Ауыл тұрғындары бұл мәселені осыған дейін бірнеше рет көтерген, тіпті партияның қоғамдық қабылдауы арқылы да қозғаған екен. 

Тұрғындармен бірге осының шешу жолдарын талқыладық. Аймақ басшылығы ауылда жылыту қазандығы салынады деп сөз берді. Бұл аталған тұрғын үйлерден бөлек тағы да 5 әлеуметтік нысанды, оның ішінде таяу маңда орналасқан мектепті, бала бақшаны және дәрігерлік амбулаторияны жылытумен қамтамасыз етпек. Оның орындалуын Nur Otan өз бақылауына алды, - деді Бауыржан Байбек өз Facebook парақшасында.   

Оның айтуынша, Павлодар облысына сапарға шығар алдында ол бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер материалдары арқылы өңірдің көкейкесті мәселелерімен мұқият танысқан. Билеуші партия төрағасының Бірінші орынбасары бірнеше жылдан бері облыс орталығында «Екінші Павлодар» ықшам ауданындағы жеке тұрғын үйлерді еріген және жер асты сулары деңгейінің көтерілуі салдарынан су басуы мәселесіне назар аударды.

Мәселенің өзектілігі ескеріле отырып, облыстың жаңа әкімімен тұрғындардың кездесуі ұйымдастырылды. Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, мәселені жүйелі және жан-жақты шешу үшін тиісті мамандар мен сарапшылар тартылатын болады. Сонымен қатар, 8 шақырым кәріз желілерін тарту және тағы 10 шақырым коммуникацияны салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Бұдан бұрын жер асты суларының деңгейін төмендету үшін 5 құдық бұрғыланып, су сақтау шұңқыры салынған, 3 сорғы станциясы орнатылған.

Кездесуде жергілікті тұрғындар монополист компания "Павлодар су каналы" ЖШС-на қарата тарифтердің, суды есептеу аспаптары құнының айқындығына қатысты наразылықтарын да білдірді. Бауыржан Байбек өз кезегінде таяу уақытта партия алаңында барлық мүдделі органдардың қатысуымен ашық партиялық тыңдау өткізуді тапсырды.

Жұмыс сапары барысында партия төрағасының Бірінші орынбасары "Мұнайхим" кәсіпорнының қызметкерлерімен де кездесті. Мұнда әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Бауыржан Байбек Елбасы бастамасымен қолға алынған индустриаландыру бағдарламасының арқасында өңірде мыңдаған жұмыс орнының ашылғанын тілге тиек етті.

Жұмыспен қамтумен қатар жайлы және қауіпсіз еңбек жағдайын жасау қажет. Бұл үшін бастауыш партия ұйымдары кәсіподақтармен бірлесіп кәсіпорын басшылығына туындаған мәселелер мен қызметкерлердің ұсыныс-тілектерін уақтылы жеткізіп отыруы тиіс. Бұл ретте бірде-бір сұрақты назардан тыс қалдыруға болмайды. Президентіміздің "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының нақты іске асуы дегеніміз осы - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Бауыржан Байбек Павлодар облысындағы партия активімен кездесу өткізіп, онда сәуір-мамыр айларында ашық ішкі партиялық сайлау - праймериз өткізуге дайындық барысы туралы пікір алысты.

Партиямыздың лидері, Елбасының тапсырмасы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттарға ұсынылатын тізімді түзу кезінде онда әйелдердің 30%-тен, ал 35 жасқа дейінгі жастардың 20%-тен кем болмауына қол жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ мәслихаттарға басқа да әлеуметтік топтар өкілдері ұсынылуы тиіс. Атап айтқанда, ерекше қажеттіліктері бар жандар, көпбалалы аналар және тағы басқалары қамтылуы керек. Бұл ретте қоғамдық пікір көшбасшыларын және үкіметтік емес ұйымдардың ел ішінде сөзі өтімді, жұртшылықтың сеніміне ие болған өкілдерін ілгерілетуге баса назар аударылады. Біздің қағидатымыз – "Жігерлі лидерлер – Қуатты партия". Азаматтық қоғаммен қоян-қолтық араласып, өзара бірлесе әрекет ету ғана азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге жол ашатынына сенімдімін! - деп мәлімдеді партия төрағасының Бірінші орынбасары.

Кезектен тыс конференция барысында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодар облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.

Жұмыс сапарының бірінші күнін қорытындылай келе, Бауыржан Байбек партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне павлодарлықтардан келіп түскен өтініштерді сараптау арқылы шешімін күткен бірінші кезектегі міндеттердің ауқымы анықталғанын атап өтті. Бұлар – әлеуметтік қамту, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау сапасы, сондай-ақ, тұрғын үй қорының мардымсыз жағдайы, елді мекендерді абаттандыру және тағы да басқа көптеген мәселелер.

Азаматтарымызды алаңдатып отырған мәселелер бүгінде әзірленіп жатқан аймақты дамытудың 5 жылдық бағдарламасына енгізіледі. Біз әр қаланы, ауданды және ауылды қамтуды жоспарлап отырмыз. Осы бағыттағы жұмыстарды партия орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып бірнеше айдан бері жүргізіп те келеді. Nur Otan түйінді мәселелерге құлақ асып қана қоймай, оларды шешу үшін нақты шараларды қолға алуы керек. Ол үшін бізде қажетті ресурстар бар, ең бастысы, қарапайым халық қолдап отыр - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы