Елордада бой көтеретін мектептер жаңа стандарттармен салынады

5 Маусым 2019, 14:01
1348
Бөлісу:
Елордада бой көтеретін мектептер жаңа стандарттармен салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада жаңадан салынатын мектептер жаңартылған санитариялық ережелер мен нормалармен салынатын болды. Қазіргі кезде қалалық ортаны регенерациялау басқармасы мектептердің эскиздік жобасын жобалау жұмыстарын аяқтауға жақын, деп хабарлады Елорда Инфо. 

«Енді алдағы маусымда мектептер құрылысы жаңартылған санитариялық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалармен салынатын болады», - деп атап өтті қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Антон Максимов.  

Оның сөзіне қарағанда, ҚР құрылыс нормалары мен ережелеріне өзгерту енгізу жұмыстары осыдан бір жарым жылдай бұрын басталды. Қалалық әкімшілік пен қалалық сәулет басқармасы өкілдерінің мектептерді дамытудың жаңа үрдістеріне арналған Мәскеуде ұйымдастырылған көрмеден түйгендері негіз болыпты. 

«Санитариялық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға білім беру нысанының жер аумағы, абаттандыру, мектептің сапалық құрамына қатысты өзгертулер енгізілді. Бұл ауқымды жұмыс болғанымен біз оны дереу арада жүзеге асырдық», - деді Максимов.  

Енді мектептерді жобалау жұмыстарында жаңа стандарттар басшылыққа алынады. Әзірге елордада бұл талаптармен мектеп құрылысы басталған жоқ. Себебі бюджеттік өтінімдер мен жобалау біршама уақытты қажет етеді. Жобаларды сараптау құрылыс туралы шешім қабылданған кейін 1 жылдан соң ғана қолға алынатын болады. 

Жаңа ереже бойынша мектептің қажетсіз жер телімінің аумағы қысқартылды. Бұған дейін стандартты мектептің жер аумағы 3,6 га болса, енді 2,2 га. Кеңес үкіметі тұсынан қалған оқу-тәжірибелік мақсатта көкөністер егуге арналған алқапқа жер бөлу талабы да алынып тасталды. Өйткені біздің климаттық жағдайда бұл жұмыстарды тек маусым айында жүргізуге болады, ал ол кезде оқушылар жазғы каникулға шығады деп түсіндірді ол. 

Сондай-ақ, енді мектеп ғимараты 5 қабатты болады. 

«Бұған дейін ең көп дегенде мектептер 1,2 мың оқушыға арналатын, енді бұл көрсеткіш 2 мың балаға дейін ұлғаяды»,- деді Антон Максимов.

Өзгелердің жаңалығы