Елордадағы теміржол ауруханасының мәселесі қалай шешіледі

12 Қазан 2019, 11:39
1903
Бөлісу:
Елордадағы теміржол ауруханасының мәселесі қалай шешіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапары барысында орталық теміржол ауруханасы мен онкологиялық орталықта болды, деп хабарлады қала әкімдігінің сайты. 


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту жөніндегі кеңесте орталық теміржол ауруханасының ғимараты ескіріп, апатты жағдайда екендігін атап өтті.

60 жыл ішінде ауруханада бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының айтуынша, орталық темір жол ауруханасының ғимараты әбден ескірген. Мекемеге немқұрайлы қарау нәтижесінде қазіргі таңда ғимарат апатты жағдайда. Ғимарат жабдықтары 40% -ға тозған, ауруханада күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу орынсыз, еш нәтиже бермейді. Қала әкімімен кездесуде емделушілер медициналық мекеме қызметкерлерінің біліктілігін атап өтіп. Сондай-ақ, оң жағалауда жаңа аурухана салуды өтінді.

Президенттің тапсырмасын орындау аясында жаңа аурухананы 400 мың адам тұратын Сарыарқа ауданында салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Инвестор тартылады. Жаңа аурухана салынғанға дейін апаттық жағдайдағы аурухананың жұмысын қолдау мақсатында 5 ғимараттың 2-де кішігірім жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар елорда әкімі онкологиялық орталыққа барып, орталықтың жұмыс барасымен танысты. Орталықтың 2013-2016 жылдар аралығындағы "Фармация" СК дәрі-дәрмек жеткізуші компания алдындағы қарызы 1,3 миллиард теңгені құрады.

 "2017 жылға дейін қаржыландыру орталықтандырылмаған. Жыл сайын елордаға еліміздің басқа өңірлерінен пациенттер келіп, ем алады. Кейде қымбат химиопрепараттар қолданылады. Бұл ретте шығындарды өтеу тетігі қарастырылмаған. 2018 жылдан бастап қаржыландыру әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры базасында орталықтандырылды", - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басшысы С. Кисикова.

Елорда әкімі Көлгінов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмалары Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп орындалатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы