Елордадағы 3011 кезекші сыныпта 40 400 бала білім алуда

29 Қыркүйек 2020, 13:45
1858
Бөлісу:
Елордадағы 3011 кезекші сыныпта 40 400 бала білім алуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. Бұл туралы елордадағы қазіргі эпидемиалогиялық жағдайға қатысты өткен онлайн брифинг барысында Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева айтты.


Бірінші кезекте, елордалық мектепке дейінгі ұйымдар кезекші топ режимінде жұмыс істеуді жалғастыруда. Бүгінгі күні мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларда 1912 кешекші топ ашылды. Ондағы балалар саны 22 687-ні құрайды. Барлық балабақшалардың жұмысы санитарлық талаптарға сәйкес жүргізілуде. Балалардың мектепке дейінгі ұйымға баруы ата-ананың өтініш-келісімі негізінде жүзеге асырылады. Карантин кезеңінде  бала мектепке дейінгі ұйымға келмеген жағдайда орны сақталады. Өздеріңіз білетіндей, біз биылғы оқу жылын қашықтықтан оқыту форматында бастадық. Сондай-ақ, ата-аналардың қалауы бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын санитарлық ережелерді сақтай отырып, 1-4 сыныптар үшін кезекші сыныптар жұмысы ұйымдастырылды. Барлығы 3011 кезекші сыныбы жұмыс істеуде, онда 40 400 бала білім алуда, - деді ол.

Бағлан Сматаева кезекші сыныптардың қызметі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылатынын еске салды.

Ата-аналар балаларын мектептің есік алдына дейін алып келіп, сабақ аяқталғаннан кейін де сыртқы есік алдынан алып кетеді. Яғни, ата-аналар мектепке кірмейді. Әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін мектептерде арнайы белгілер қойылған. Кабинеттер әр сабақтан соң желдетіліп, кварц қосылады. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, қашықтық режиміндегі оқыту процесі синхронды және асинхронды форматта жүруі мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласында қашықтан оқытуды жүзеге асыру үшін Bilimland (OnlineMektep) және DarynOnline отандық интернет платформаларының синхронды және асинхронды форматта сабақтар өткізу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ барлық білім ұйымдарының педагогтары мен оқушыларының MicrosoftTeams бағдарламасын тегін пайдалана алады. Бұған дейін үздіксіз білім беру үдерісін қамтамасыз ету мақсатында мектеп қорынан оқушылар мен мұғалімдер 9 700 компьютерлік техникамен, 22 600 роутермен  қамтамасыз етілген болатын. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен қосымша 8000 дана компьютерлік техника сатып алынды. Осылайша, бірінші кезекте компьютерлік техникамен жетім балалар, ерекше білім беруді қажет ететін балалар, аз қамтылған отбасылар мен көп балалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ  басқа да компьютерге мұқтаж балалар қамтамасыз етілді, - деді ол.

Білім басқармасының өкілі брифинг барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы колледждерде 26 мыңнан астам студент білім алуда. 

Колледждер де оқу жылын қашықтан бастады. Барлық мамандықтар бойынша теориялық сабақтар қашықтықтан өткізіледі. Зертханалық және практикалық сабақтар, өндірістік оқыту және кәсіптік практика кейінгі мерзімге ауыстырылды. Басқа өңірлерден келген, компьютерлері және интернеті жоқ студенттер колледждер жатақханалардағы орындармен және компьютерлік техникамен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда 255 студент колледж жатақханалары мен хостелдерге орналастырылды, онда қашықтықтан оқыту үшін жағдайлар жасалған. Барлық колледждерде оқытушыларға, студенттерге және ата-аналарға уақытылы техникалық қолдау (онлайн кеңес беру) көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға тұрақты мониторинг пен бақылауды жүзеге асыру және қашықтан оқыту процесінде қатысушыларымен кері байланыс орнату бойынша штаб құрылды, - деді ол.




Өзгелердің жаңалығы