Бас жаңалықтар
Елордада волонтерлар сайлаушы тізімін нақтылау үшін 15 күн бойы үй аралайды
15 Сәуiр 2019, 12:35 596

Елордада волонтерлар сайлаушы тізімін нақтылау үшін 15 күн бойы үй аралайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада 15 күн бойы волонтерлар сайлаушылардың тізімін нақтылау үшін үй аралайды.

Бұл туралы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және елорданың сайлау учаскелерінде азаматтарды тіркеу мәселелері бойынша брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджанов айтты.

«Сайлаушылар тізімін нақтылау және өзектендіру мақсатында 2019 жылдың 15-29 сәуір аралығында елордалық ЖОО мен колледж студенттері (400 адам) қатарынан тартылған полиция қызметкерлерінің (400 адам) және волонтерлардың (400 адам) күшімен аулалық және пәтер аралау бойынша науқан ұйымдастырылады. Олар кешкі сағат 18-23.00 аралығында аралайды. Қастарында ІІМ полиция қызметкері болады және волонтерларға арнайы бейджик жасалды», - деді Ахмеджанов. 

Волонтерлар тіркеу фактісі туралы нақтылаумен және нақты тұратын жерін көрсете отырып, барлық тұрғынды қайта жазады, жеке тұлғалар туралы мемлекеттік деректер базасымен салыстырады.

«Бұл деректер аудандық әкімдіктерде жинақталып, сайлаушылар тізіміне түзетулер енгізіледі. Егер сайлаушыға сайлаудан кемінде отыз күн бұрын оның сайлау күні оның тіркелген жері бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмайтыны белгілі болған жағдайда ол өзі болатын жері бойынша жергілікті атқарушы органға оны тиісті сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылы. Азамат осы тармаққа сәйкес жүгінген кезде жергілікті атқарушы орган азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды және оны азамат дауыс беретін учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізуді ұйымдастырды», - деп түйіндеді Ахмеджанов.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған сәттен бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркеуге құқылы.

Бұған дейін Азамат Ахмеджанов Нұр-Сұлтанда 598 мыңнан астам сайлаушы бар екенін хабарлаған болатын.

Фото: автордан

Сізден жаңалық