Елордада ТЖ режимін бұзған 22 адам жауапкершілікке тартылды

9 Қаңтар 2022, 11:50
1410
Бөлісу:
Елордада ТЖ режимін бұзған 22 адам жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай режимін бұзған 22 тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Елордадағы жағдай тұрақты және толық бақылауда. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері «102» арнасына қоңырау шалу екі есе артты. 

Үш күннің ішінде 9076 қоңырау түсті. Көбіне елорда тұрғындарын қалаға кіріп шығу, ХҚКО-ның, банктер мен сауда орталықтарының жұмысына қатысты анықтамалық сипаттағы сұрақтар қызықтырды. Полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алумен қатар, қала тұрғындарына консультативті және психологиялық көмек көрсетуде. Соңғы үш тәулікте елордада 45 қылмыс тіркелді. Сондай-ақ екі мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, - делінген хабарламада. 

Мас күйінде автокөлік жүргізгені үшін екі жүргізуші ұсталды. ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабына сәйкес төтенше жағдай жариялануына байланысты мемлекеттік орган белгілеген режимді бұзғаны немесе талаптарды орындамағаны үшін 22 адам жауапқа тартылды. Кінәлілерге қатысты процессуалдық шешімді сот шығарады. Қаланың периметрі бойынша блок-бекеттер орнатылған, елордаға кіру, сондай-ақ одан шығу шектелген.

Қала тұрғындары блок-бекеттер арқылы тек күндізгі уақытта ғана өте алады. Қызметкерлер азаматтардың құжаттарын, сондай-ақ, тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексереді. Қалада түнгі сағат 23:00-ден таңғы 7:00-ге дейін «коменданттық сағат» енгізілген. Яғни, осы уақыт аралығында қалада жаяу және көлікпен жүруге тыйым салынған. 

Елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мекеме қызметкерлеріне ғана жұмыс бабымен жүруге болады. Бекітілген ережелерге сәйкес, бизнес субъектілері – сауда нысандары, базарлар, дүкендер, дәріханалар және т.б. сағат 08.00-ден 22-00 ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген, алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынды.

Өзгелердің жаңалығы