Елордада Тәуелсіздік мерекесі той-томалақ емес, қайырымдылық жасау форматында өтеді

17 Ақпан 2021, 13:33
2009
Бөлісу:
Елордада Тәуелсіздік мерекесі той-томалақ емес, қайырымдылық жасау форматында өтеді
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «30 қайырымды іс» жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу барысында айтты.

Оның айтуынша, Президент тапсырмасына орай тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы той-томалаққа емес, әр қазақстандық оны сезінетіндей қайырымды істер мен әлеуметтік шаралар аясында аталып өтуі тиіс.

30 қайырымды іс жобасын біз желтоқсан айында бастап кеттік. Оның аясында түрлі көмек қолын созуға арналған ізгі шаралар жүзеге асырылатын болады. Үкіметтік емес ұйымдармен бүгінгі кездесуде атаулы мерейтойды осы форматта ұйымдастырудағы ұсыныстарына құлақ түретін боламыз. Өздеріңіз білетіндей, азаматтық қоғам билікпен бірлесіп белсенді жұмыс істеуде. Әсіресе білім, денсаулық сақтау саласындағы мен мүмкіндігі шектеулі жандардың, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуда, - деді ол.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов те үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы рөлін атап өтіп, оларға мемлекет пен әлеуметтің ауыр жүгін көтеріп жүрген патриоттар деген баға берді. 

Жыл сайын елімізде азаматтық қоғам өкілдерінің көбейіп келе жатқаны қуантады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары олардың саны санаулы болса, қазіргі күні олар қамтымаған қоғамның саласы жоқ. Қоғамды 16 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. 22 мыңнан астам қоғамдық ұйым тіркелген. Оның тоғыз пайызы жастар саясаты мен балалар құқығын қорғау, 34 пайызы әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған  топтардың мүддесін қорғау, білім, ғылымды қолдау, 16 пайызы салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыс істейді. Көріп отырғандарыңыздай, үкіметтік емес ұйымдар қоғамды алаңдататын маңызды мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарып жүр. Сондықтан халықтың тұрмысын, денсаулығын, салуатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жобалар өте маңызды, - деді ол.

Кездесуге елорданың бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдері жиналды. 

Осыдан үшін жыл бұрын елордада құрылған Азаматтық бастамалар орталығының басшысы Махаббат Еспенованың айтуынша қазіргі күні елордада үш мыңға жуық үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. 2018 жылмен салыстырғанда олардың белсенділігі үш есе артқан.

Орталықтың өзі азаматтарға заңгерілік көмек көрсетіп, жеке тұлғалардың түрлі шағымдарын назарға алады. Сонымен қатар түрлі әлеуметтік идеяларды қолдау және әдеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысады.

Кездесу барысында «Адал ниет Астана» ұйымы өзінің мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мен оңалтуға бағытталған жобасын таныстырса, мәдениеттанушы Серік Ерғалиев Наурыз мейрамын тойлаудың тарихы формасын жұртышылық назарына ұсынып, оны қазіргі күнге лайытаудың жолдарын атап өтті.



Өзгелердің жаңалығы