Елордада заңсыз жұмыс істеп тұрған 20 шомылу аймағы анықталды

22 Шілде 2019, 22:31
1879
Бөлісу:
Елордада заңсыз жұмыс істеп тұрған 20 шомылу аймағы анықталды
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Суға шомылу маусымы басталғаннан бері елордалық құтқарушылар полиция мен еріктілермен бірлесіп суға түсуге рұқсат етілмеген орындарға 128 рейд жүргізді. Бұл туралы қала әкімдігінің сайтында хабарланды.

ТЖ департаментінің ақпараты бойынша, елордада суға шомылуға рұқсат етілмеген 20 орын тіркелген. Олардың 5-і "Сарыарқа" ауданында, 6-ы "Алматы" және "Есіл" аудандарында, 3-і "Байқоңыр"ауданында орналасқан. Суға шомылу маусымы басталғаннан бері рұқсатсыз жағажайларда 8 адам қаза тапқан.

Адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында ТЖД, полиция қызметкерлері мен еріктілер 128 рейд жүргізді, 140 тыйым салу белгілері, 30 стенд орнатылды, демалушыларға тиісті ақпарат жазылған парақшалар таратылуда. Күн сайын қала жағажайларын патрульдеуге 40-қа жуық адам шығады.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтанда Есіл ауданының орталық саябағында, "три пескаря" ("Сарыарқа" ауданы), "Столичный двор" ("Алматы" ауданы, Күйгенжар) демалыс аймақтарында барлығы 3 заңды жағажай жұмыс істейді.

Келеңсіз оқиғаларды болдырмау мақсатында елордалық құтқарушылар тұрғындар мен қонақтарды судағы қауіпсіздік ережесін сақтай отырып, арнайы рұқсат етілген орындарда шомылуға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы