Бас жаңалықтар
Елордада сандық сауаттылықты арттыру курстары өтеді
31 Мамыр 2019, 11:13 392

Елордада сандық сауаттылықты арттыру курстары өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 10 маусым мен 31 шілде аралығында елорданың 20 оқу базасында "Сандық сауаттылық" курстары өтеді деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту бойынша жұмыстарды Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүргізеді. Курстар 5 бағыт бойынша өткізілмек.

"Елорда тұрғындарын базалық білімге - дербес компьютермен, Microsoft Office кеңселік пакетімен, интернет желісінде жұмыс істеуге үйретеді. Сондай-ақ, курсқа қатысушылар ашық деректерді, НҚА жобаларын, бюджеттік бағдарламаларды қарауға, түсініктеме беруге, бірінші басшылардың блогына шағымдар мен өтініштер беруге, конференцияларға, сауалнамаларға қатысуға, қол қоюға және хабарламалар алуға мүмкіндік беретін Open Gov дағдыларымен танысатын болады", - делінген таратылған ақпаратта. 

Сонымен қатар, мамандар e-commerce дағдыларына үйретеді, олардың көмегімен тауарлар мен қызметтерді онлайн сатып алуға, сатуға және жылжытуға болады. E-gov дағдыларын меңгеру үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызметтерді, лицензияларды алыстан алуға көмектеседі. Ақпараттық қауіпсіздік білімі ДК, смартфондарда қорғауды орнатуға, дербес деректерді қорғауға, қаржылық операцияларды жүргізуге, оның ішінде интернет желісінде де мүмкіндік береді. Курстар тегін түрде 57-88-98, 57-88-97, 57-88-95 телефондарына жазылу арқылы өткізілетін болады.  

Фото: дереккөз
Загрузка...