Елордада онкологиялық дертке шалдыққандарға 5 бірегей ота жасалды
PHOTO
13 Мамыр, 17:33 483

Елордада онкологиялық дертке шалдыққандарға 5 бірегей ота жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында бес бірдей бірегей ота жасалды. Аталған жоғары технологиялық операцияларға еліміздің жетекші мамандарымен бірге, Ресей мен Грузиядан келген онкологтар қатысты. 

Айта кетерлігі, бірегей оталар елордадағы орталықта 50-ден астам маманның басын қосқан шеберлік сағатының практикалық бөлігіне айналды. 

Кешелі бері асқазан, тік ішек, өкпе, ұйқыбезі мен өңештің қатерлі ісігіне шалдыққан 5 науқасқа білікті дәрігерлер ота жасап, көмек көрсетті. 

Сарапшылардың қатарында, Ұлттық ғылыми онкология орталығымен қоса, өңірлерден, Ресей мен Грузиядан арнайы шақырылған дәрігерлер бар.  Сондай-ақ еліміздің барлық онкологиялық және хирургиялық стационарларынан түрлі бейіндегі онкологтар қатысты. 

Кешеден бері 5 түрлі жоғары технологиялы бірегей оталар жасалды. Кеше операция үстелінен шыққан пациенттердің жағдайы бүгін жақсы. Бүгінгі таңда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім әлем мен республикамыздың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселеге айналып отыр. Мәселен, Қазақстанда өкпе обырымен сырқаттану екінші орында. Ал колоректалді обыр үшінші орында тұр. Ұйқы безінің обырын емдеудің болжамы өте қолайсыз. Оған себеп – диагноздың уақытында қойылмауы. Осылайща, онкологиялық ауруларды емдеу мен диагностикалаудың жаңа тиімді тәсілдерін қолдану – ел онкологтарының бірінші кезектегі міндеті, - деп атап өтті Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкохирургия бойынша бас кеңесшісі Тасболат Әділханов. 

Ота барысында және одан кейін дәрігерлер жүргізілген операциялардың нәтижелерін талқылап, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын ортаға салды. Мұндай сипаттағы семинар мен шеберлік сағаттары елорданың ғана емес, өңірлердегі денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттырып, мамандардың біліктілігін көтеруге жол ашады деп отыр қатысушылар. 

 

Айта кетерлігі,  Ұлттық ғылыми орталық алғаш рет колоректалді обыр, өкпе, асқазан обырын емдеудің аз инвазивті әдістерін енгізген. Сондай-ақ ел бойынша панкреатодуоденалді резекция секілді жоғары технологиялық операциялар жасалады. Стационарда ел азаматтарына ғана емес, шетелдіктерге де емделу медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде тегін жүргізіледі. 


Фото: автордан
Загрузка...