Байменов: Астана мемлекеттік қызмет хабы - жаһандық платформаға айналды

27 Қазан 2021, 11:21
931
Бөлісу:
Байменов: Астана мемлекеттік қызмет хабы - жаһандық платформаға айналды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астана мемлекеттік қызмет хабының «Мемлекеттік қызметтің дамуы және ынтымақтастық» жылдық конференциясының ашылуы өтіп жатыр. 

Оған әлемнің 40-тан астам елінен мемлекеттік қызметтің уәкілетті органдарының басшылары, сарапшылар, ғалымдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.

Астана мемлекеттік қызмет хабының конференциясына қош келдіңіздер! Кейбір достарымыздың бетпе-бет қатысуға мүмкіндік тауып келгеніне алғысымды білдіремін. Хаб аясындағы кәсіби әріптестіктің аясында сағынып кездесетін достарға айналғанымыз біз үшін өте құнды. 8 жыл ішінде Астана мемлекеттік қызмет хабы 42 қатысушы ел, 80-астам ұйымы бар жаһандық платформаға айналды. Осы уақыт ішінде әріптестермен бірлесіп, 125 мемлекеттің 8 мыңнан астам мамандары қатысқан 140-тан астам іс-шара өтікізілді, - деді Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов.

Аталған жиын барысында «Кәсіби идеялар мен тұжырымдар» атты арнайы сессияда халықаралық сарапшылар мен практиктер пандемиядан кейінгі кезеңдегі мемлекеттік басқарудың болашағына қатысты өз ойлары және көзқарастарымен бөліседі. Осы сессияның спикерлері БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Халықаралық мемлекеттік қызмет жөніндегі комиссиясының төрағасы Ларби Джакта, Грузияның бұрынғы вице-премьер-минстрі Майя Цкитишвили, ЭЫДҰ-ның Парақорлықпен күрес жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Драго Кош және басқа да сарапшылар.

Айта кетейік, конференция 27-29 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында оффлайн және онлайн форматында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы