Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі заманға сай қыз баланы тәрбиелеу үшін қандай бағыттарды ұстанған дұрыс? Отбасы ішінде жыныстық сауаттылық неліктен жабық тақырып? Эгоистік шешімдердің соңы қайда алып барады? Бұл сауалдарға елордада «16 жасқа дейін және одан жоғары. Маңыздысы туралы әңгіме» тақырыбында өткен басқосуда сарапшы мамандар жауап берді.
Шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау орталығы ұйымдастырды.
Қазақстанда жыл сайын мыңдаған жасөспірімдік жүктілік, көшеде тастанды нәрестелер, балалар мен әйелдерге бағытталған сексуалды және физикалық зорлық-зомбылық жағдайлары тіркеліп жатыр. Мұндай жағдайда жас қыздар мен жігіттер өзін физикалық және эмоционалдық тұрғыдан қалай қорғау керек? Бұл жөнінде бүгін елордада әдеттегі форматтан тыс қызу талқылау өтті.
Аудитория қызықты спикерлерді тыңдап қана қоймай, олармен қоғамда дертке айналған өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
«Мен өзім қазақ қызы, америкалық қыз немесе уругвай қызы деп бөлмеймін. Тәрбиеде ешқандай ұлт арасында айырмашылық жоқ. Тек әйел затын нәзік жан ретінде қараймын. Көбінесе, қазақ қыздары ұяң. Ұят болады дегенді санаға сіңіріп өседі, зорлық-зомбылыққа да көніп жүре береді. Тіпті, біздің қоғамда ер адамдарға арналған және әйел адамдарға арналған мамандықтар бар деген жаттанды стереотип қалыптасқан. Ол – дұрыс емес, еркіндік беру керек. Нәзік жандылар да ғарышқа ұша алады. Мен өзім қыздар тәрбиелеп отырмын. «Не істесең де өзің біл» деген де – өрескел қате. Бағыттау, жол көрсету, кеңес беру ақылы көмектесу керек», - деп санайды коммуникация жөніндегі сарапшы, БҰҰ-ның даму бағдарламасы кеңесшісі Марат Раимхан.
Оның айтуынша, ата-ана баланың ішкі жан дүниесін тыңдауына көмектесу қажет.
Бұл орайда жыныстық сауаттылықты қазақ тілінде жеткізетін ZhastyqTalk платформасының негізін қалаушы, Y-PEER желісінің волонтері Балнұр Сүгірәлиеваның пікірін білдірді.
Маманның сөзіне сүйенсек, қазақ тілді көп отбасылар бала тәрбиесінде консерватизмді қатаң түрде ұстанады. Ұлы мен қызына жыныстық сауаттылық жөнінде мағлұмат бермейді. Оның үстіне қазақ тіліндегі контент тапшы. Ақпараттандыру мүлдем аз, баяу дамыған.
«Жыныстық сауаттылық жөнінде балаға ата-ана айту керек. Ол бізде жабық тақырып. Қыз тұрмысқа шығып кеткенше, ұл келін түсіргенше ол ашылмайтын, не әрі, не бері қозғалмайтын тақырып. Бұл олқылықтың кесірінен ауқымды мәселелер туындайды. Оқушы қыздардың жүктілігі, бедеулік, белсіздік деген жайлап бара жатыр. Әр отбасында әке-шеше өзінің ұл-қызымен ашық диалог құруы тиіс», - дейді ол.
Талқылауға «Uyatemes.kz» жобасының авторы – Қарлығаш Қабатова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басшысының орынбасары, сексуалды және репродуктивтік денсаулық мәселелері бойынша Y-PEER желісінің халықаралық тренері Камила Тұяқбаева, «ZhastyqTalk» қоғамдық қорының басшысы Балнұр Сүгірәлиева және басқа да қоғам өкілдері мен мамандар қатысты.
Роза ЫСҚАҚ