Елордада коммуналдық сенбілік кезінде екі мыңнан астам ағаш отырғызылды

25 Қыркүйек 2021, 22:34
3289
Бөлісу:
Елордада коммуналдық сенбілік кезінде екі мыңнан астам ағаш отырғызылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада «Birge – taza Qazaqstan» республикалық экологиялық бастама аясында қала басшылығының тапсырмасы бойынша экологиялық айлық өтіп жатыр.

Апта сайынғы сенбіліктерде коммуналдық қызметтермен бірге қаланың мемлекеттік органдары, мекемелері мен ұйымдары қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын жүргізеді, қоқыс жинап, ағаш отырғызады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін, яғни 25 қыркүйекте өткен кезекті сенбілікке 7 мыңнан астам қала тұрғыны, 642 кәсіпорын, ұйым мен мекеме қатысты. Оған 88 жүк тиегіш пен 156 жүк көлігі жұмылдырылды.

Бүгін экологиялық айлық аясында Алматы ауданында кезекті сенбілік өткізілді. Оған ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар, университет студенттері, қаланың белсенді тұрғындары қатысты. Қатысқандардың бәріне алғыс айтамыз. Бүгінгі сенбілік аясында 531 ағаш отырғызылды. Жалпы, бұл саябақта 1,5 мың ағаш отырғызылды. Ал Алматы ауданы бойынша 6 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр, - деді Алматы ауданының әкімі Ерлан Бекмұрзаев.

Айта кету керек, сенбілік аясында қала бойынша жалпы ауданы 2 млн шаршы метр болатын саябақтар мен гүлзарлар тазартылып, 2064 дана ағаш отырғызылды. Оның ішінде қызыл тал, татар үйеңкісі, қарағай, қайың, емен, пирамидалық терек бар.

«Бүгін «Birge – taza Qazaqstan» акциясы аясында кезекті сенбілік өтіп, онда ағаш отырғызылды. «Жас сарбаз» қозғалысының еріктілері мен қатысушылары қаланы көгалдандыру жөніндегі іс-шараларға тұрақты түрде қатысады, осылайша елорданы абаттандыруға өз үлестерін қосып келеді», - деп атап өтті «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының еріктісі Ерасыл Әбукенов.

Коммуналдық сенбілік кезінде барлығы 82,12 тонна қоқыс жиналып, полигонға шығарылды, 37 рейс жасалды.

Айта кету керек, сенбілік санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, қолғап кию арқылы қол гигиенасы.

Өзгелердің жаңалығы