Бас жаңалықтар
Елордада көлік ұрылары ұсталды
17 Қаңтар 2021, 02:26 240

Елордада көлік ұрылары ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Hyundai Accent көлігінің иесі машинасын бір үйдің қасына үш күнге қалдырып кеткен. Іссапардан оралғанда машинасын таппай қалған азамат бірден полицияға хабарлайды. Нұр-Сұлтан ПД баспасөз қызметі хабарлағандай, олар камера жазбаларынан седанды эвакуатор алып кеткенін көрген.

Көшедегі камералар арқылы қолды болған көліктің жеткен жері анықталды. Нәтижесінде 34 және 29 жастағы екі ер адам ұсталды. Күдіктілер иесіз тұрған Accent-ті байқап, алып кетуді ұйғарыпты. Хабарландыру сайтынан олар көлікті ашатын адам тапқан. Кешке эвакуатор тауып, жүргізушінің қолына 10 мың теңге ұстатады да, машинаны үйге жеткізеді. Седанды ашқан маман да, эвакуатор жүргізушісі де қылмыскерлердің құжатын сұрамапты.

Қазір күдіктілер уақытша ұстау абақтысында отыр. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Егер қылмыс дәлелденсе, жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.



Фото: дереккөз
Загрузка...