Елордада қар тазарту үшін екі мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды

29 Қараша 2020, 04:40
1443
Бөлісу:
Елордада қар тазарту үшін екі мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада қардың қалың түсуіне байланысты коммуналдық қызмет жұмысы күшейе түсті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазір көшелерді тазалауға 800-ден астам арнайы бірлік техника және екі мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылған.

Нұр-Сұлтан қаласында қар тазарту жұмыстары кешкі және түнгі уақытта, екі ауысымды режимде жүргізіледі. Сондай-ақ қар тазарту бағыттары да белгіленеді.

Бірінші кезекте ереже бойынша, кептеліс болмауы үшін, қозғалыс өте көп жерлер тазартылады. Одан әрі орташа қозғалыс учаскелері – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар қардан тазартылады.

Қала жолдарының жаяу жүретін бөлігі тайғаққа қарсы материалдармен өңделеді, ол қар жауа бастағаннан себіледі. Бірінші кезекте, көлік қозғалысы үшін ең қауіпті магистральдар мен көшелердің учаскелері – өр және еңіс жолдар, көпірлер, тоннельдер, көше қиылыстарындағы және қоғамдық көлік аялдамаларындағы тежеу алаңдары өңделеді. Егер бірінші цикл аяқталғаннан кейін қар жауа берсе, қажетті жұмыстар қайталана береді.

Бұған дейін хабарланғандай, қар қаланың барлық аудандарында орналасқан 11 полигонға шығарылды. Қалада қар жинау 24/7 режимінде жүргізіледі. Полигондарда бақылауға арналған фото-және бейнекамералар орнатылған.

Айта кетсек, өткен тәулікте қаладан 8 мың текше метр қар шығарылды.

Өзгелердің жаңалығы