Елордада көпбалалы аналардың қатысуымен «Көрпе Fest» фестивалі өтті

5 Шілде 2019, 15:18
3654
Бөлісу:
Елордада көпбалалы аналардың қатысуымен «Көрпе Fest» фестивалі өтті
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы «Көрме» орталығында «Асыл ана» әлеуметтік жобасы аясында тұңғыш рет елорда күніне арналған «Көрпе Fest» фестивалі өтті.

Мұнда көпбалалы аналар үшін тігін және қолданбалы өнерді үйрету бойынша тегін оқыту сабақтары және тренинг-семинарлардан өткен қатысушылар өз жұмыстарын ұсынған көрме ұйымдастырылды. Көрме жеңімпаздары дипломдармен, тігін машиналарымен және басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталды.

коп9.jpeg

Жалпы, осы фествальге қатысып жатқандардың қатарында астаналықтардан бөлек, Алматы, Ақмола, Атырау, Қарағанды және Павлодар облыстарынан келген көпбалалы аналар бар. Шеберлік сағатын этникалық стильде ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын шығаратын, еліміздің белгілі этно-дизайнері Ырза Тұрсынзада өткізеді. Бұл бастамаға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолдау білдірген. Ырза Тұрсынзада 3 күннің ішінде 80-нен астам көпбалалы ананы көрпе тігуге баулып және оларға бұл кәсіпті әрі қарай қалай дөңгелетіп әкетуге болатынын үйреткен.

коп2.jpeg

«Осыдан 10 жыл бұрын Мәскеуден отаныма оралдым. Елге деген сағыныш болса керек, келе салып осы қолөнерге бет бұрдым. Кейін ол бизнеске айналып, бір көрпенің өзін кем дегенде 2000 долларға сататындай деңгейге жеттім. Енді сол кәсіптің қыр-сырын көпбалалы аналарға үйретіп жатырмын. Жалпы, Қазақстанда менен тәлім алған  5000-нан астам қыз-келіншек бар», - дейді Ырза Тұрсынзада.

коп8.jpeg

Ал ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін көпбалалы ауыл тұрғындарына 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік гранттар қарастырылғанын айтты.

коп3.jpeg

«Дәстүрімізді, салтымызды, өнерімізді ұмытпауымыз керек. Соны дамытуға, насихаттауға мемлекет барлық мүмкіндікті жасап жатыр. Елордамызда «Көрпе Fest» фестивалін өткізіп жатқандардың мақсаты да осында. Қолға алып, ұйымдастырып жатқан Ырза ханымға алғыс білдіремін. Біздің министрлік бұл жобаны қолдады. Демеушілердің көмегімен қыздарға пайдасы тисе екен деп тігін машинасын алып беріп жатырмыз. Ең басты мақсатымыз – табысы төмен көпбалалы аналарға көмектесу. Аз да болсын өз кәсіптерін ашып, табыс тапса екен деп ойлаймыз. Біз мұны әрі қарай жалғастырамыз. Бұл тек Нұр-Сұлтан қаласында емес, өзге өңірлерде де болу керек. Осы іс-шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жатыр. Осыны насихаттасақ, өсіп келе жатқан ұрпаққа сабақ болар еді», - Бердібек Сапарбаев.

коп5.jpeg

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов биыл елді баспанамен қамту мақсатында 1,5 мың сертификат қарастырылғанын, оның 1000-ы  аз қамтылған отбасыларға берілетінін атап өтті.

коп6.jpeg

Үш күн бойы өтетін форумға қатысушы 50 көпбалалы анаға тігін машиналары табысталды. Фестивальге қатысушы өзге аналар болса, тігін негіздерін меңгергені туралы сертификаттарға ие болды.

Өзгелердің жаңалығы