Бас жаңалықтар
Елордада газ датчигінің арқасында 3 бала мен әйел газдан уланудан аман қалған
14 Мамыр 2019, 12:17 229

Елордада газ датчигінің арқасында 3 бала мен әйел газдан уланудан аман қалған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы дүйсенбіде өткен әкімдіктің отырысында елордалық ТЖД басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев айтты, деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. 

Бақыт Сұлтанов аудан әкімдеріне жылу беру маусымы басталғанға дейін әлеуметтік осал топтардың өкілдері тұратын жеке сектор үйлерінде газ талдағыштарды орнатуды тапсырды.

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) аудан әкімдіктерімен бірлесіп, материалдық қиындықтарға тап болған қала тұрғындарының үйлерінде 1 мыңнан астам тұншықтырғыш газдың ену қаупін алдын алатын құрылғыны тегін орнатты. 

Елордалық ТЖД басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевтың хабарлауынша, қаланың жеке секторына тағы 2,8 мың осындай датчиктер орнату қажет. 

«Біз көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер тұратын үйлерде 1 062 (583 улы газ және 479 түтін) датчикті орнаттық. Ақмола көшесі, 30 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйде орнатылған тұншықтырғыш газ датчигінің арқасында үш баласы бар әйел уланудан аман қалды», – деп хабарлады Марғұлан Аманбаев дүйсенбіде өткен әкімдіктің отырысында. 

Жыл басынан ТЖД қызметкерлері 61 139 тұрғынды қамтитын 33 628 жеке секторды аралады. 

Аманбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта қаланың ТЖД есебінде 129 сауда нысаны бар. Оның 25-і – базар, 95-і – сауда үйі, 9-ы – СОО. 

Өткен жылы ақпан мен маусым аралығында 123 нысан тексеріліп, 1 215 бұзушылық анықталды. 

«Негізгі бұзушылықтарға өртке қарсы қорғаныс жүйесінің болмауы немесе оның ақаулығы, эвакуация жолдарының қойылған нормаларға сәйкес келмеуі, ғимараттар мен үй-жайларды жобалау құжаттамасынсыз қайта жоспарлау және көлемдік жоспарлау шешімдерінің өзгеруі жатады», – деді елордалық ТЖД басшысының міндетін атқарушы

Сонымен қатар, ТЖД қызметкерлері мамырлық мерекелер кезінде эвакуациялық жолдардың жай-күйін анықтау үшін елорданың ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерін аралап шықты. Тексерістің қорытындылары бойынша олардың жағдайы тиісті деңгейде деп бағаланды. 

Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов сауда нысандары мен ойын-сауық кешендерін тексеру жұмыстарын жалғастыруды және олардың 100% қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. 

Сонымен қатар, астаналық аудандардың әкімдері халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері тұратын жеке сектордағы үйлерде тұншықтырғыш газ датчиктерін орнату барысы туралы есеп берді. Сарыарқа ауданында тұратын осы санаттағы азаматтар газ талдағышпен толық қамтамасыз етілген. Қалған аудандарда кестеден қалыс қалу байқалады. Мысалы, Есіл ауданында мұндай датчиктер орнатылуы тиіс 225 үйдің (100-ден қалыс қалу) тек 50-де газ датчиктері бар. Алматы ауданында 500 үйде, Байқоңыр ауданында 1 мың үйде газ датчиктері әлі де орнатылмаған. Осыған байланысты Бақыт Сұлтанов аудан әкімдеріне жылу беру маусымы басталғанға дейін көмекке мұқтаж үйлерде газ талдағыштар орнатуды тапсырды.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық