Елордада джиу-джитсуден халықаралық турнирі өтуде

21 Маусым 2019, 13:31
1462
Бөлісу:
Елордада джиу-джитсуден халықаралық турнирі өтуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда төрінде джиу-джитсудан xалықаралық NUR-SULTAN JIU-JITSU GRAND PRIX турнирі бастау алды. 

Бұл Қазақстанның джиу-джитсу қауымдастығы үшін аса ірі шара. Маусымның 19-23 күндері аралығында өтетін жарысқа әлемнің 10 елінің ең мықты спортшылары қатысады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Турнирге қатысушылардың арасында Біріккен Араб Әмірліктері, Бразилия, Иордания, Ауғанстан, Түрікменстан, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей, Өзбекстан елдерінен 300 жуық спортшы бар. Олар джиу-джитсудың 4 бағыты: Ne-waza, Fighting, DUO және Contact түрлері бойынша бақтарын сынайды. Жарыстың деңгейі өте жоғары, себебі бұл додаға халықаралық джиу-джитсу федерациясының басшысы Панайотис Теодоропулос, джиу-джитсудан әлем және Азия чемпиондары мен жеңімпаздары қатысқалы тұр. Бұл жарыс еліміздің спортшыларына әлемдік тәжірибе алуларына үлкен мүмкіндік береді. 

NUR-SULTAN JIU-JITSU GRAND PRIX xалықаралық турнирі аясында арнайы «FESTIVAL NUR-SULTAN OPEN» турнирі жоспарланған. Оған 8-21 жасқа дейінгі 500-ден астам қазақстандық спортшы қатысады. Іс-шара Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығы мен халықаралық джиу-джитсу федерациясы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
Бұл спорттық іс-шара еліміздегі джиу-джитсу спортының дамуына үлкен септігін тигізері анық. 

«Соңғы жылдары Қазақстанда джиу-джитсуге деген қызығушылықтың артып отырғаны байқалады. Қазіргі кезде елімізде 100-ге жуық залда 15 мыңнан астам спортшы осы спорт түрімен айналысады. Қауымдастықтың ресми облыстық филиалдары республикамыздың барлық өңірінде бар», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасы Джиу-джитсу қауымдастығының президенті Болат Мажағұлов. 

Халықаралық деңгейде де джиу-джитсудың абыройы өсіп келеді. Бұл спорт түрі XIX жазғы Азия ойындары-2022 бағдарламасына ресми түрде енгізілді. Бұл әлемнің джиу-джитсуды мойындағанының белгісі. Демек, алдағы уақытта ол олимпиадалық спорт түрі атануы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы