Елордада Digital Bridge 2021 форумы өтіп жатыр

28 Қазан 2021, 12:21
23014
Бөлісу:
Елордада Digital Bridge 2021 форумы өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ЕХРО конгресс орталығында Digital Bridge 2021 халықаралық форумы өтіп жатыр.

Форум шеңберінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Цифрландыру, инновациялар мен ғылым есебінен технологиялық серпін» атты ұлттық жобалардың тұсаукесерін өткізді.

Сонымен қатар халықаралық компаниялармен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылды.

Одан бөлек, қазақстандық және халықаралық IT-қоғамдастықтың өкілдері панельдік сессияларда IT салаға қатысты өз ойларын ортаға салуда.

Биылғы жылдың негізгі тақырыптары: венчурлық нарықты дамыту, IT-өнімді шетелге экспорттау тәжірибелері, цифрлық инклюзия, онлайн білім алу, IT-дегі әйелдер, GameDev индустриясын дамыту және тағы да басқа.

Digital Bridge алаңында технологиялық стартаптар Astana Hub Battle шайқасында үздік стартап атағы үшін күреседі. Бүгін бұл конкурстық үздіктері анықталып, ертең финалдық кезеңі өтеді. Сонымен қатар орталықтың бірінші қабатында IT-стартаптар жобаларын министрліктің, ұлттық компаниялардың өкілдеріне, венчурлық қорлар мен ЦДИАӨМ еншілес ұйымдарының өкілдеріне ұсынуда.

Айта кетейік, форум ертең де жалғасады.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Мемлекет басшысы «Digital Era Lifestyle» тақырыбында өткен дәстүрлі «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумына қатысқан болатын. Президентке стартаптар аллеясы таныстырылып, Astana Hub IT экожүйесінің қазіргі жұмысы туралы баяндалды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Цифрландыру жүйесін енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.


Өзгелердің жаңалығы