Елордада былтыр отырғызылған алма ағаштары жеміс бере бастады

8 Шілде 2020, 23:43
2154
Бөлісу:
Елордада былтыр отырғызылған алма ағаштары жеміс бере бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ботаникалық бақта өткен жылы Қазақстан халқының бірлігі күні отырғызылған алма ағаштары тамыр жайды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Еске салайық, атыраулық фермер Тамила Розметова Жастар жылының ашылу салтанатында елордада алма бағын отырғызуды ұсынды. Көп ұзамай Елбасы тапсырмасы бойынша қала әкімдігі Ботаникалық баққа алма көшеттерін отырғызу үшін жер телімін анықтады.
Алма ағаштары шынымен де суыққа төзімді болып шықты. Олар қыстан аман шығып, жақсы гүлдеді! Ағаштар сәтті бейімделіп, жерсінуі үшін тиісті күтім, уақытылы суару және қардан қорғауды қажет етті. Осындай күтім жағдайында ағаштар өсіп, алдағы жылдары жемісті алма бағына айналады деп сенеміз, – дейді елордалық Ботаникалық бақ мамандары.

Жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүнісбеков өткен жылы алма ағаштарын отырғызуға қатысқандардың бірі.
Кеше отбасыммен серуендеп келіп, арнайы алма ағаштарын аралап, жеміс бергенін көріп, бойымды ерекше бір қуаныш биледі. Еліміздің жастары да көп күттірмей осы ағаштар сияқты жеміс беріп, ел мүддесін бәрінен биік қойып, мемлекетімізді тек алға жетелесін деп тілек тіледім, – дейді Бақытжан Жүнісбеков.

Қазіргі уақытта Ботаникалық бақта алма ағаштарының сегіз түрі өседі: беларустық синап, таңқурай, алезия, имант, фридом, надзейн, сакавита және Қазақстан астанасы құрметіне аталған алманың жаңа сорты – Nur-Sultan. Олардың барлығы аязға төзімді, өнімділігі жоғары және жемістері ұзақ сақталады. Ботаникалық бақта биіктігі 1,2-1,5 метр болатын барлығы 800 алма ағашы отырғызылды.

Ағаштарға күтім жасау үшін заманауи тамшылатып суару жүйелері қолданылады. Жалпы, биыл елорданы көгалдандыру аясында 30 мың ағаш және 6 миллионға жуық гүл отырғызылады.

Өзгелердің жаңалығы