Елордада биыл ҰБТ 6 мамыр мен 30 маусым аралығында өтеді

5 Мамыр 2021, 19:10
1373
Бөлісу:
Елордада биыл ҰБТ 6 мамыр мен 30 маусым аралығында өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Ұлттық бірыңғай тестілеу 2021 жылы «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша электрондық форматта өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Грантқа үміткер ағымдағы жылғы мектеп түлектері үшін тестілеу 6 мамыр мен 30 маусым аралығында екі рет тегін негізде өткізіледі. Өтініштер 2021 жылдың сәуір-маусым айлары аралығында қабылданады. Оның барысында прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі қамтамасыз етіледі. Биыл білім ошағын 7567 оқушы тәмамдайды. 

Мектеп түлектері ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестілеуден өту күні мен уақытын таңдауға құқылы болады. Ал пәндер саны өзгеріссіз қалады – үш міндетті және екі профильді. Тестілеуге жалпы 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ-ға қатысушылар максималды 140 балл жинай алады. 

Үміткерлерді ғимаратқа кіргізу аудиторияда орналасқан үстелдердің санынан аспайтын жалпы санмен жүзеге асырылады. Металл іздегіш арқылы үміткерлерде электрондық аспаптардың, ұялы телефондардың бар-жоқ екені тексеріледі. 

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға байланысты ата-аналарымен бірге келуге шектеу қойылады. Ал тестілеу процесін ата-аналар онлайн трансляция арқылы бақылай алады.

Білім басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау шарттары жазылған санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен келісілген ҰБТ өткізу алгоритмін бекітті.

Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу санитарлық талаптарды толықтай сақтай отырып өтеді.

Өзгелердің жаңалығы