Елордада бір тәулік ішінде Pfizer вакцинасын 400-ге жуық адам алған

16 Қараша 2021, 14:08
792
Бөлісу:
Елордада бір тәулік ішінде Pfizer вакцинасын 400-ге жуық адам алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Pfizer препараты алғашқы күні 339 адамға салынды. Бұл туралы Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Нұр-Сұлтанда кеше, яғни 15 қараша күні америкалық вакцинаны салу басталды. Бір тәулік ішінде Pfizer-ге тиісті контингенттен 339 адам екпе алды.

Оның ішінде жүктіліктің 16-36 аптасындағы 14 жүкті әйел, 133 – бала емізетін ана және 192 жасөспірім.

Кеше Нұр-Сұлтан осы препаратпен вакциналауға жататын азаматтарға екпе салуды бастады. Алғашқы күні жүкті әйелдер, бала емізетін аналар, жасөспірімдер арасынан екпе алғысы келгендер көп болды. Оқушылар, студенттер ата-аналарымен бірге келіп, белсенділік танытты. Сонымен қатар вакцинация қала мектептерінде жақсы жүргізілді. Барлығы медициналық тексеруден өтіп, вакцина алуға дәрігердің рұқсатын алды, әрқайсысына түсініктеме берілді, - деді басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жасөспірімдер арасында екпе алғандардың көбісі 16-17 жас аралығында – 127 бала.

Ведомство басшысы вакцинацияның осындай қарқынын сақтап, осы бағыттағы жұмысты жалғастыру басқарма жоспарында бар екенін атап өтті. Вакцинациялануы тиіс топ өкілдеріне қоңырау шалу және шақыру әлі де жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, аталған санаттағы адамдарға екпе егу тек медициналық ұйымдардың пункттерінде және қалалық мектептердің медициналық пункттерінде жүргізіледі.

Қала бойынша барлығы 5 мың жүкті әйел, лактация кезеңіндегі 28 мың әйел және 63 мың бала Pfizer препаратымен вакцинацияланатын топқа жатады.

Өзгелердің жаңалығы