Бас жаңалықтар
Елордада «Бейбіт күннің батырлары» фотокөрмесі ұйымдастырылды
22 Маусым 2019, 17:32 325

Елордада «Бейбіт күннің батырлары» фотокөрмесі ұйымдастырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көрме Нұр-Сұлтан қаласындағы теміржол вокзалының 1 қабатында өтті, деп хабарлады көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Елорда тұрғындары мен темір жол көлігі жолаушыларының назарына Көліктегі ішкі істер органдарында қызметтік міндеттерін өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлердің фотосуреттері қойылды.

Аталған шараны ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ұйымдастырды. Фотокөрмеге қаза тапқан қызметкерлердің туыстары да келді.

Шараның мақсаты –өмірінің соңына дейін антына адалдық танытып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы қызметіне зор жауапкершілікпен қарай білген полицейлердің жанкешті ерліктерін ұлықтау. Батырлардың қайсарлығын – Отанға қызмет етудің даңқты дәстүрлерін жалғастырып жүрген бүгінгі жас қызметкерлерге үлгі ету.

Көлік полициясының тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған қаһарман-сақшылар көп. Департаменттің ресми өкілі Ләззат Қасымжанованың айтуынша, Көлік полициясы құрылған күннен бері қызметтік міндеттерін өтеу кезінде оннан аса қызметкер қаза тапқан. Олардың арасында Қызылорда станциясындағы Желілік полиция бөлімінің жедел уәкілі Мұратбек Өмірбеков та бар.

1992 жылы арнайы операция кезінде ол екі аса қауіпті қылмыскерді құрықтау кезіндеаса қауіпті қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан. Полиция аға лейтенанты М.Өмірбеков қайтыс болғаннан кейін оның туыстарына ІІ дәрежелі «Айбын» ордені табыс етілді. Оның артында үш ұлы қалды. Ұлдарының үлкені Ринат әке жолын жалғастырған абыройлы полицей. Қазіргі уақытта ол Қызылорда облысы, Шиелі станциясындағы Желілік полиция бөлімінде қызмет етеді.

Ал Бағдаулет Елшінбековтың ерен ерлігі әлі күнге дейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы тұрғындарының есінде.

Арыс станциясындағы ЖПБ қызметкері, милиция старшинасы Б. Елшінбеков 1988 жылдың 17 маусымында түнгі кезекшіліктен шығып, үйіне келе жатқан. Кенеттен екі рет сотталып, іздеуде жүргенкәнігі қылмыскерді байқап қалып, соның ізіне түскен. Қарулы қылмыскерді ұстау кезінде Бағдаулет жүрек тұсынан жарақат алып, көз жұмады. Оған қайтыс болғаннан кейін, 1989 жылы «Қызыл жұлдыз» ордені берілді. Бүгінде Арыс қаласында батырдың есімімен аталатын көше бар.

Полиция аға сержанты Рахат Амантав Шу станциясында ЖПб-да кіші жедел уәкілі болып қызмет атқарған. 2008 жылдың 10 тамызында ол ұрлық жасаған қылмыскерлерді ұстау кезінде ерлікпен қаза тапты. Ол соңғы демі қалғанша қылмыскерлермен алысып, пышақ жарақатынан қаза тапты. Ол кезде Рахат бар болғаны 26 жаста ғана еді.

«Қаза тапқан азаматтарымыздың есімдері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады және олардың көрсеткен ерліктеріөскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермек», - деді Қасымжанова.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық