Елордада 6 мыңнан астам бала мектепке қажетті құралдармен тегін қамтылады

17 Тамыз 2019, 00:50
1791
Бөлісу:
Елордада 6 мыңнан астам бала мектепке қажетті құралдармен тегін қамтылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласының жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларына материалдық көмек көрсету үшін сертификат беріледі, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Биыл біз оқушыларға мектеп киімдері мен құралдарын берудің жаңа механизмін таңдап отырмыз. Себебі бұған дейін осы қызмет түріне ата-аналар тарапынан наразылықтар көп болған. Яғни ол мектеп киімдерінің сапасына қатысты болып отыр. Біз енгізіп отырған жаңа жүйе ол олқылықты болдырмайды. Себебі ата-ана баласына қажетті киімдер мен заттарды өздері таңдайды», - деді қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған сертификат әрбір оқушыға жеке беріледі.

«Қазіргі уақытта 6200 балаға сертификат береміз деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен, бұл сан алдағы уақытта өсуі мүмкін. Сертификат атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыдан шыққан және отбасылық табысы төмен отбасылардан шыққан балаларға беріледі. Отбасында қанша мектеп оқушысы болса сонша сертификат табысталады. Яғни 30 мың теңгенің сертификатын алған ата-ана белгіленген дүкендерге барып, мектеп киімдерімен қатар, кеңсе тауарларын ала алады. Бұл жобаны біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, жүзеге асырудамыз», - деді ол.

Сондай-ақ, аталған сертификаттың қандай ерекшеліктері бары сөз болды.

«Сертификат арнайы баспадан шығарылды, оның қорғаныш белгілері мен нөмірі болады. Одан бөлек, онда баланың аты-жөні көрсетіліп, Білім басқармасының мөрімен бекітіледі. Ата-аналардың қолына ақша берілмейді, барлығы сертификат арқылы іске асырылады», - деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев.

Білім басқармасының ақпаратына сенсек, өткен оқу жылы басында жалпы міндетті оқу қоры бойынша көмек алушылар 1674 бала болса, бүгінгі таңда балалар саны 6200-ге жетіп отыр (бұл көрсеткіш күн сайын артуда).



Өзгелердің жаңалығы