Елордада Ататүріктің "Жолдауы" таныстырылды

17 Мамыр 2019, 17:16
3351
Бөлісу:
Елордада Ататүріктің "Жолдауы" таныстырылды
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің 100 жылдығына орай арнайы іс-шара өтті.

Жиын барысында «Тарихтан тағылым: Түрік ұлт-азаттық күресі және Ататүрік» атты конференция, арнайы көрме және Ататүріктің «Жолдау» деген кітабының қазақ тілінде жарық көрген нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті. 

Аталған шараға Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан, Түркия Республикаларының елшілері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар және этномәдени орталықтардың жетекшілері қатысты. 

Елордада Ататүріктің "Жолдауы" таныстырылды

«Тарихтан тағылым: Түрік ұлт-азаттық қозғалысы және Ататүрік» атты конференция барысында сөз алған Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі рухани шараның маңыздылығын атап өтті. 

"Өздеріңізге мәлім, осыдан тура 100 жыл бұрын Түркі дүниесінің ержүрек ұлы - Ататүрік Түркияны азат етуге атқа қонған болатын. Биыл біз бұл жылды Ататүрік жылы деп жариялаған болатынбыз. Осы жылдың аясында біз көптеген шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Солардың бірі Ататүріктің "Жолдау" атты кітабын жарыққа шығарып отырмыз", - деді ол. 

Елордада Ататүріктің "Жолдауы" таныстырылды

Өз кезегінде Қазақстандағы Түркияның төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык Ататүріктің тарихтағы алатын орнына тоқталды. Ал, мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі Кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахмет баяндама жасады. Конференциядан кейін Халықаралық Түркі академиясы қазақ тілінде басып шығарған Мұстафа Кемал Ататүріктің «Жолдау» атты еңбегінің тұсаукесері өтті. 

Әлемге әйгілі аса көрнекті мемлекет қайраткері, Түркия мемлекетін құрушы, көшбасшы тұлға Мұстафа Кемал Ататүрік «Жолдау» атты еңбегін өз қолымен жазып жүйелеп, 1927 жылы 15-20 қазан күндері Анкарада Ұлы Ұлттық мәжілісте өз аузымен 36,5 сағат бойы оқыған болатын. Түгел түркі дүниесіне ағылымы мен тарихи маңызы зор бұл деректі баянның жас ұрпақтың отаншыл, мемлекетшіл, парасатты тұлға болып қалыптасуына беретін үлесі зор. Осы еңбек арқылы бауырлас Түркия мемлекетінің азаттық жолындағы арпалысы мен тұрақты дамуына негіз болған қағидаттармен оқырман қауым жақыннан танысуға мүмкіндік алып отыр. Кітап түрік тарихын білгісі келетін жалпы оқырманға, жас ғалымдар мен ізденушілерге арналады. 

Елордада Ататүріктің "Жолдауы" таныстырылды

Мұстафа Кемал Ататүріктің «Жолдау» шығармасы Османлы мемлекетінің ыдырауы, Ататүріктің басшылығымен жүргізілген түрік халқының ұлт-азаттық күресі және Түркия Республикасының жарияланып, қалыптасуына қатысты мәліметтерге аса бай еңбек. Ол сондай-ақ, Ататүріктің тәуелсіздік жолындағы күрес философиясынан да мол мағлұмат береді. «Жолдау» алғаш Түркияда 1927 жылы біреуі негізгі мәтін, екіншісі құжаттар ретінде араб әріптерімен екі кітап болып басып шығарылған болатын. 

Іс-шара барысында ұйымдастырылған «Ататүрік» көрмесінде Түрік Республикасының қалыптасу тарихын баяндайтын 40-тан астам фото қойылды.

Өзгелердің жаңалығы