Елордада әскерилер ант берді

23 Қаңтар 2021, 15:23
1594
Бөлісу:
Елордада әскерилер ант берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық ұланның 6636-әскери бөлімінде жас жауынгерлер салтанатты түрде әскери ант берді. Елордадағы әскери бөлімінің қатарын биыл 118 жас сарбаз толықтырды. 

Іс-шара санитарлық талаптарды қатаң сақтаумен өткізілді. Ата-аналар үшін әлеуметтік желі арқылы арнайы онлайн көрсетілім ұйымдастырылды.
Алдымен еліміздің әнұраны шырқалып, 6636-әскери бөлімінің командирі, подполковник Дмитрий Бастердің бұйрығымен ортаға әскери бөлімнің жауынгерлік туы шығарылды. Бұдан соң әскери бөлім командирі жауынгерлерге әскери анттың маңыздылығы туралы айтып, ақжолтай тіледі.

Әскери ант берген жауынгерлердің бірі - Алматы облысы Талғар ауданынан шақырылған қатардағы Рүстем Рахымжан.

Мен тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы жылы әскерге келіп, бүгін Отан алдындағы борышымды адал атқаруға Әскери ант бергеніме қуаныштымын. Бас қала - бүкіл еліміздің орындалған арманы. Осы қалада қызмет атқару менің де арманым болатын. Осы күні ол арман орындалды. Отаныма адал қызмет етіп, тәуелсіздіктің батыл қорғаушысы болатыныма сенімім мол, - дейді жас сарбаз.

Салтанатты іс-шараны жауынгерлердің жақындары әлеуметтік желі арқылы тамашалап, ізгі тілектерін білдірді. 


Өзгелердің жаңалығы