Елордада «Әскери керней» дәстүрлі фестивалі өтеді

20 Маусым 2019, 22:59
3151
Бөлісу:
Елордада «Әскери керней» дәстүрлі фестивалі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 19-22 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін әскери оркестрлердің VІІІ халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней» дәстүрлі фестивалі өтеді. 


ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықаралық деңгейдегі бұл фестиваль Елорда күніне және Қазақстан полициясы күніне арналады. Биылғы байқауда Ұлттық ұлан оркестрі, Әскери институттың әскери оркестрі, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының іріктеу сындарынан сүрінбей өткен құрама әскери оркестрлері, Мемлекеттік күзет қызметінің үрмелі оркестрі мен Құрмет қарауыл ротасы , Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің құрама оркестрі және Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі өнер көрсетеді. Сонымен қатар, Ресей Федерациясы Ұлттық ұланы әскері Федералдық қызметінің Орталық әскери округі штабының әскери оркестрі мен Монғол Халық Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Үлгілі-көрсетілімді оркестрінің шығармашылық ұжымдары да фестиваль көркін қыздырмақ.

Қазақстан, Ресей, Монғолия елдерінің әскери оркестрлері бірнеше күн бойы бас қаланың мәдени алаңдарында қала халқы мен жұртшылығының назарына өздерінің музыкалық шеберліктерін паш ететін болады.

"Маусымның 21 күні сағат 10.00-де Нұр-Сұлтан қаласының «Барыс Арена» мұз сарайында «Әскери керней» фестивалі ақтық сынының ашылу салтанаты өтеді. Бағдарламада – «Саптық концерт және дефиле» жоспарланған. «Бәйтерек» монументі алдындағы алаңда, «Астана» концерт залында әскери оркестрлер елорда тұрғындарына концерттер ұсынады. Ал маусымның 22 күні Нұр-Сұлтан қаласының «Барыс Арена» мұз сарайында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін VІІІ халықаралық әскери-музыкалық «Әскери керней» фестивалінің Саптық концерті өтеді", - делінген таратылған ақпаратта.

Салтанатты сәтте үздік оркестр ұжымдарына бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етіледі.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жүрген фестиваль жыл сайынғы айтулы мәдени оқиғаға айналды әрі ондағы классикалық, халықтық және эстрадалық музыкалық туындылармен қатар, жауынгерлік парад-дефиле, әскери-қызметшілердің қару-жарақпен көрсетілетін танымдық көрсетілімдері елорда халқымен қонақтары үшін ерекше көрсетілім болады.

Өзгелердің жаңалығы