Елордада «Ана мен бала» аллеясы ашылды

15 Мамыр 2019, 13:11
3884
Бөлісу:
Елордада «Ана мен бала» аллеясы ашылды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадағы №2 қалалық балалар ауруханасының аумағына ағаш егілді. Бұл шара Халықаралық отбасы күніне арнап өткізілген акция аясында ұйымдастырылды.

Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «Ана мен бала аллеясы» республикалық акциясын ұйымдастырды. Акция аясында №2 қалалық балалар ауруханасының аумағына 180-ге жуық ағаш отырғызылды.

«Он жылдан бері Қазақстанның әр қаласында осындай шара өткізіп келе жатырмыз. Осы уақытқа дейін Қазақстан бойынша 7 мыңнан астам ағаш отырғыздық. Бұл акция да қазіргі уақытта Қазақстан бойынша өтіп жатыр. Қасиетті Рамазан айында №2 қалалық балалар ауруханасының маңына ағаш отырғызып, аналары мен балалары серуендеп жүруіне мүмкіндік жасау игі іс деп ойлаймын. Еліміз гүлдене берсін, балаларымыз аман болсын және отбасымыз берік болып, аналарымыз бақытты болсын! Қолдау көрсеткендері үшін қалалық әкімдікке зор алғыс айтамын», - дейді Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева.

«Ана мен бала» аллеялар мен саябақтар акциясын өткізу аясында аймақтарда 20-дан астам жаңа «Ана мен бала» аллеялары мен саябақтары құрылды. 7 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 10 мыңға жуық гүл егілді.

Елордада «Ана мен бала» аллеясы ашылды

«Ассалаумағалейкум, құрметті қауым, қадірменді жамағат. Міне, баршамыз береке-бірлікте қауышып, үлкен бір игі іс-шараға атсалысып жатырмыз. Бұл да жақсылықтың белгісі. Бүгінгі күніміз қасиетті айлардың сұлтаны болған Рамазан айына тұрпа-тұс келіп отыр. «Ана мен бала» атты игі іс-шара бізді бірге қауыштырып отыр. Алла разылығы үшін деп қосып жатқан үлестеріңіз, ниеттеріңіз, тілектеріңіз Алланың құзырында нұр үстіне нұр болып, сауаптан жазсын. Алла береке-бірліктен айырмай, ел-жұртымыз аман болсын!», - дейді Қазақстан Республикасы діни басқармасы Астана медресесінің бас директоры Ибрагим қажы Келдібайұлы.

 

Өзгелердің жаңалығы