Елордада «Абай» операсының кейіпкерлері» атты көрме өтеді

23 Қазан 2020, 10:05
1783
Бөлісу:
Елордада «Абай» операсының кейіпкерлері» атты көрме өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 8 қараша күні «Астана Опера» театрында ұлы ағартушы, ойшыл, философ, ақын, әрі композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай» операсының кейіпкерлері» атты көрме ашылады. 

Экспозицияда «Оскар» сыйлығының иегері Франко Скуарчапиноның ұлттық классиканың жауһары - М.Әуезовтың либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсына арнап дайындаған костюмдері қойылады.
Бұдан басқа, көрермендер елордалық театрда опера премьерасына әзірлену жүре бастаған сәттен бастап «Абай» операсының аңыз болған қойылымының тарихын баяндайтын әртістердің дебюттерімен, сондай-ақ театрдың ауқымды гастрольдері кезіндегі фотоэкспонаттармен таныса алады. Мысалы, «Астана Опера» әртістерінің орындауындағы осы қойылымның арқасында, жақын және алыс шетел көрермендері қазақ халқының данышпанының тұлғасымен жақын танысуға мүмкіндік алды.         

Бұл көрмемен біз көрермендердің ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Экспозицияның ашылу күнінде Үлкен зал сахнасында «Абай» операсы қойылатын болады. Қазақ ақынының тау тұлғасы – өз мағынасында асулы кезеңнің ауысуы кезіндегі, не болмаса өткеніміз бен ертеңімізді сабақтастырып тұрған «алтын көпір» тәріздес нышанды құбылыс. Мұның барлығын Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Абайдың рухани өсиеті» атты мақаласында айтқан болатын. Елбасы барлық халқымыз үшін Абай біздің айнымас темірқазығымыз болғанын, болып та қала беретінін бірнеше мәрте айрықша атап өткен болатын, - деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

«Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы 2018 жылы «Абай» операсының қойылымы үшін Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алғандығын естеріңізге саламыз. Бұл спектакль үшін 200-ден астам костюм тігілген болатын. Оларды дайындау кезінде табиғи жібектен бастап перделік маталарға дейінгі түрлі материалдар пайдаланылды. Костюмдер бойынша суретші олармен жұмыс жасау кезінде арнайы әдебиеттерге, сондай-ақ кітапханалар мен мұражайлардан тапқан тарихи фотолардың көшірмелеріне сүйенді. Франк Скуарчапино қазақ мәдениетінің тереңіне бойлау арқылы ұлттық киімнің барлық бөлшектерін айшықтай алды, аяқ-киімдердің, бас киімдердің бедерлі оюларына, безендірілген әшекейлерге ерекше назар аудара білді. 

Әр костюмде матаның ерекше таңдалғандығынан, ою-өрнек пен түс үйлесімінің біріктірілгендігінен көрнекті суретшінің жұмысы екендігін бірден аңғаруға болады. 

«Астана Опера» театрында Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған спектакльдің премьерасы 2015 жылғы 25 қыркүйекте өтті. Қойылымның музыкалық жетекшісі – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев, қоюшы режиссері – Джанкарло дель Монако (Италия). Кеңесші-режиссер – Қазақстанның Халық әртісі Есмұқан Обаев. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов. 

Сегізінші театр маусымы көрмеден кенде болмайтындығын атап өту маңызды. Театр әкімшілігінің экспозицияны тұрақты түрде өткізіп тұру жоспары бар. Мысалы, келесі жуық арада өтетін көрме Майра Мұхамедқызының шығармашылығына арналатын болады және опера жұлдызының жеке концертінің аясында өтеді. Көрмелік тізбек жалғасын табады және оның тақырыбы операның, балеттің жетекші солистерінің және барлық шығармашылық ұжымның жетістіктеріне арналып, олардың спектакльдері кезінде ұсынылатын болады.  


Өзгелердің жаңалығы