Елордада 760 мың шаршы метрден астам аумақ абаттандырылған

30 Қазан 2020, 23:09
1232
Бөлісу:
Елордада 760 мың шаршы метрден астам аумақ абаттандырылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл елорданың әр ауданында аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. 

Бұл туралы ол өз инстаграм парақшасында жазды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты

Биыл елордада шөлейт, қараусыз қалған учаскелер мен сазды жерлер айтарлықтай азайды. Олардың орнына қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындар пайда болды. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді (гүлбақтары, желекжолдар, саябақтар) абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Осы жылы 760 мың шаршы метр (76 гектар) жер абаттандырылды! Қала тұрғындарының төрттен біріне серуендеп, спортпен айналысуға арналған қолжетімді жайлы орындар пайда болды. Абаттандыру кезінде қаланың ескі бөлігі мен тұрғын алаптарға ерекше назар аударылды. Мысалы, халық тығыз орналасқан аудандардың бірі – Байқоңыр ауданында 53 аула мен 13 ірі қоғамдық кеңістік салынды. «Жастар» ықшам ауданында 50 көппәтерлі тұрғын үй кешені орналасқан. Онда 23 аула абаттандырылды. Көпшіліктің көңілі ауған жұмыстың бірі көпір асты кеңістіктер болды. Олардың бірі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ маңында орналасқан. Ондағы 3 мың шаршы метрлік орынға баскетбол, воркаут және скейт-алаңдар, теннис үстелдері және т.б. орналастырылған, – деп жазды қала әкімі.

«Өндіріс» тұрғын алабында (Лесозавод) да өзгерістер орын алды – аумақтағы сазды және 1950 жылғы үйлердің орнына футбол, баскетбол алаңдары бар шағын саябақтар (Тайбурыл көшесі, 9А, Ақбидай көшесі, 11 және т.б.) салынды.

Сарыарқа ауданында - 40 аула және 20 қоғамдық кеңістік. «Көктал-1» тұрғын алабындағы жаңа саябақтың көлемі 16 гектар шамасында. Онда спорт пен ойын-сауыққа арналған үлкен аумақтан бөлек, амфи-театр мен жас жұбайлардың неке қию рәсімін өткізуге арналған ротунда орнатылды, итпен серуендеуге арналған арнайы алаң жабдықталды. Сондай-ақ, Желтоқсан, Есенберлин, Жангелдин, Сейфуллин көшелері, Бейбітшілік даңғылы бойында орналасқан аулалардың бір бөлігі абаттандырылды. Бұл көшелер оң жағалаудың рухани атмосферасын бойына сіңірген әр адамға жақсы таныс деп ойлаймын. Алматы ауданында – 50-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік бар. Қаладағы алғашқы көпір кеңістігінің аумағы 8 мың шаршы метрден асады және Триатлон мен Президенттік саябақтар арасын байланыстырып тұрған артерия болып саналады. Аумақ спорт түрлеріне бөлінген. Қала тұрғындары теплоходпен жүруі үшін пирстер орнатылды, мұнда өзіне тән экоаумақ та болады. Азаматтарды қабылдау кезінде Қажымұқан, 15, Петров, 32, Құдайбердіұлы, 17/6 көшелерінің тұрғындары қараусыз қалған учаскелер деп айтқан бұл жерлер қазір тұрғындардың сүйікті орнына айналды, – деді Көлгінов.

Қала әкімінің айтуынша, Есіл ауданында 27 аула және 7 қоғамдық кеңістік бар. «Тельман», «Үркер», «Пригородный» және т.б. тұрғын алаптарында жайлы орындар пайда болып, бұрынғы саябақтар өзгерді.

Жайлы аумақтың, саябақтардың, гүлбақтары мен желекжолдар санының артуы тұрғындардың спортпен белсенді түрде айналысуына, ал балалардың ерте жастан денсаулығына көңіл бөлуіне әсер етеді. Пандемия кезінде қала тұрғындары таза ауада көбірек серуендеу керектігін түсінді. Жаңа қоғамдық кеңістіктердің артықшылығы оларды қыста да пайдалануға болады. Кеңістіктерде мұз айдындарын жасап, басқа да қысқы спорт түрлері мен ойындарына сай жабдықтаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аулаларды абаттандыруға, көгалдандыруға ерекше көңіл бөлеміз. Биыл 30 мыңнан астам ағаш және 80 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды - қаладағы экоаумақ көлемі ұлғайып келеді. Абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстарды келесі жылы да жалғастыратын боламыз, - деп жазды Алтай Көлгінов.

Өзгелердің жаңалығы