Елордада 403 түлек «Алтын белгі» алды

16 Маусым 2021, 07:47
2665
Бөлісу:
Елордада 403 түлек «Алтын белгі» алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов «Алтын белгі» алған мектеп түлектерімен кездесті. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында мәлім етті.

Елордада 403 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Одан бөлек 367 оқушы мектепті үздік аяқтады. 

   

«Алтын белгі» иелерін құттықтадым. Олардың саны – 403 оқушы. Одан бөлек, 367 оқушы мектепті үздік аяқтады. Бұл оқу жылы бәріне оңай тиген жоқ, соған қарамастан біздің оқушылар республикалық олимпиадалар мен байқауларда, соның ішінде халықаралық деңгейде де 1400 медальді жеңіп алды. Елорданың құрама командасы осымен 14-інші жыл қатарынан жалпы командалық есепте 1-орынды және «Үздік олимпиадалық команда» атағын алды. Мұның бәрі – біздің оқушылар мен мұғалімдердің және ата-аналардың қажырлы еңбегі мен жаңа білім алуға деген талпынысының, ниетінің арқасы, – деп жазды қала әкімі. 

Көлгінов түлектерге ештеңе де оңайшылықпен келмейтінін, тек маңдай тер мен терең білімнің арқасында жетістікке жетуге болатынын айтты.

Әр түлек мақтауға лайық. Мектеп сіздерге болашақтарыңыз үшін азық болар білім берді. Өмірлеріңіздің жаңа кезеңіне сіздер білімнің мол қорымен аяқ басып отырсыздар.Әрі қарай алдарыңыздан талай асу шығады! Әлі алда көп оқып, жаңа машықтар мен білімді меңгерулеріңіз керек. Талай белесті де бағындырасыздар, бірақ жолыңызда кедергілер де кездесетін болады. Сондықтан ең бастысы – өздеріңізге және өз күшіңізге деген сенімді жоғалтпау. Ештеңе де оңайшылықпен келмейді, тек маңдай тер мен терең білімнің арқасында діттеген ойларыңызға жетіп, өз еліңіз бен қалаңыздың лайықты азаматтары бола аласыздар, – деді Алтай Көлгінов. 

Мемлекет тарапынан сапалы білім алып, жайлы жерде оқу үшін барлық жағдай жасала беретінін де тілге тиек етті.   

Ал біздің елордамыз сіздердің ең бір батыл бастамаларыңызды жүзеге асыратын, болашақ мықты мамандық иелері болуларыңызға даңғыл жол ашатын астана болып қала береді, – деп жазды елорда әкімі.

Өзгелердің жаңалығы