Елордада 200-ге жуық адам төтенше жағдай режимін бұзған
11 Қаңтар, 22:23 315

Елордада 200-ге жуық адам төтенше жағдай режимін бұзған

Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. ТЖ режимі басталғаннан бері полицейлер криминогенді жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың уақтылы алдын алып, жолын кесу мақсатында жергілікті-рейдтік іс-шаралар өткізуде, деп хабарлады қалалық полиция департаменті.

Рейдтер барысында 2246 жалдамалы тұрғын үй мен 221 хостелге тексеріс жүргізілді. 525-ке жуық көші-қон заңнамасын бұзу фактілері анықталып, 36 заңсыз келіп-кетуші қабылдап-тарату орнына орналастырылды.

ТЖ режимін бұзғаны үшін елордада 196 азамат Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың 16-сы қамауға алынды, қалғандарына айыппұл салынбақ.

Елорда тұрғындары коменданттық сағаттың енгізілгеніне қарамастан, қандай да бір қажеттілік болмаса да көшеде жүреді. Олардың арасынан төтенше жағдай режимін әдейі бұзушылар да кездеседі, оларға қатысты сот қамауға алу туралы шешім қабылдайды, – деп жазылған қалалық полиция департаменті таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта елордада жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін тиісінше қорғауды қамтамасыз етуде. Нұр-Сұлтандағы жағдай толықтай бақылауда тұр. Күдікті адамдар мен тыйым салынған заттарды анықтау үшін тәуліктік режимде 6 блок-бекетте көлік құралдарының қозғалысына тексеріс жүрізіледі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...