Бас жаңалықтар
Елорда полицейлері екі күн ішінде 10-ға жуық дәрі-дәрмек түрін тәркіледі
07 Шілде 2020, 21:58 152

Елорда полицейлері екі күн ішінде 10-ға жуық дәрі-дәрмек түрін тәркіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәрі-дәрмектердің жалпы құны 6 млн теңгені құрады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Тәртіп сақшылары жалпы 4,7 мың дәрі таблеткасын, 2 мыңнан астам флакон мен 400 капсула, 80 градусник, 26 мыңнан астам маска мен 3,5 мың медициналық киім түрлерін (халаттар, қолғаптар, бас киімдер, көзілдіріктер және т.б.) тәркіледі. Жүргізілген есеп бойынша, тәркіленген заттардың жалпы сомасы 6 млн теңгеден асады.

6 шілде күні жедел-профилактикалық шара барысында Қошқарбаев көшесінде "Тойота Камри" автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі ұсталды. Оның жүк салғышынан "Цефтриаксон", "Цефазолин", "Суламед", "Азитромицин", "Ингаверин", "Эуфиллин", "Ледокаин" және т.б. медициналық препараттардың ірі партиясы табылды. Айыпталушы азамат бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, екі рет сотты болғаны анықталды.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері сауда орталығы тұрағында қажетті құжаттары жоқ дәрі-дәрмектерді сатпақшы болған 30 жасар әйелді ұстады. Бұдан басқа, Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында бақылау кезінде "Ледокаин", "Эргоферон", "Парацетамол", "Цефазолин", "Калетра" және т.б. тапшы дәрілік препараттарды сатқаны үшін 40 жастағы әйел ұсталды.

Сонымен қатар қалалық дәріханаларға тексеру жүргізіліп, бірқатар дәрі-дәрмектердің бағасы көтерілгені анықталды. Нұр-Сұлтан полициясы азаматтардан дәрі-дәрмектерді заңсыз сату деректері анықталған жағдайда, жақын жердегі бөлімшеге немесе 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.


Фото: дереккөз
Загрузка...