Елорда күні. Қарағанды облысында бірқатар нысан ашылды

6 Шілде 2020, 15:35
1240
Бөлісу:
Елорда күні. Қарағанды облысында бірқатар нысан ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Елорда күні қарсаңында облыста әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысан ашылғанын facebook-тегі парақшасында хабарлады. 

Олардың қатарында үш емхана, көтерме-логистикалық орталық, Қарағанды облысының Солтүстік және Шығыс айналма жолдары бар. Теміртаудағы емхана Елбасының жеке тапсырмасы бойынша "АрселорМиттал Теміртау" АҚ қатысуымен салынды. Емхана бір ауысымда 50 келушіге қызмет көрсетуге арналған және тұрғын үй массивінде орналасқан. Сондай-ақ, Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдық тұрғындарына арналған қадамдық қолжетімділіктегі емханалар ашылды. Олардың барлығы қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әрқайсысында дәрігерлер мен пациенттерге ыңғайлы болу үшін электрондық кезек жүйесі орнатылды, - деді ол. 

Әкім атағандай, Global City көтерме-тарату логистикалық орталығы - бүгінгі таңда Қазақстандағы ең ірі орталық. 

Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін сату үшін "Солтүстік - Оңтүстік" ағынын байланыстырады. Өнімдерді тікелей жеткізу және делдалдарсыз сату есебінен қарағандылықтар тауарларды көтерме және бөлшек саудада нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алатын болады. Аумақта бір мезгілде 164 жүк көлігін қабылдай алатын кросс-доктар орналасқан. Орталықта түрлі температуралық режимдердегі климаттық қойма, құрғақ қойма, теміржол тұйығы, арнайы краны бар контейнерлік алаң, кедендік ресімдеу аймағы бар. Сондай-ақ, "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы бойынша мұнда фермерлер мен сатып алушылар үшін электрондық сауда алаңы құрылады және бизнес-үдерістерді басқаруды автоматтандыру қамтамасыз етіледі, - деді Қасымбек. 

Әкім орталық Қарағандыны Нұр-Сұлтан, Павлодар және Алматымен байланыстыратын жол айырығында орналасқанын жеткізді.

Сондай-ақ Солтүстік және Шығыс айналма жолдарының ашылуы облыс орталығының тұрғындары үшін көптен күткен үлкен оқиға болды. 

Ұзақ уақыт бойына Қарағанды арқылы тәулігіне 20 мыңнан астам көлік өтетін. Бұл жолдың салынуы қала көшелеріне түсетін жүктемені айтарлықтай төмендетіп, қалалық автожолдардың тозуына, апаттың төмендеуіне және экологияның жақсаруына ықпал етеді. Қаланың сыртында орналасқан бірінші санатты, тұрақты асфальт-бетон жабыны бар және ұзындығы 48,4 км құрайтын 4 жолақты заманауи автобанның іске қосылуы еліміздің басты қалаларының іскерлік белсенділігін арттырып, азаматтар үшін жайлылық туғызады деп үміттенемін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы