Бас жаңалықтар
Елорда көшелері сапаға сай келе ме?
Сұхбат
15 Қыркүйек 2021, 19:47 247

Елорда көшелері сапаға сай келе ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жолдарды жөндеу сапасы мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан көп жағдайда сапасы сын көтермей жатады дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК Нұр-Cұлтан қаласы бойынша филиалы Сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің бастығы Қайрат Кәрібаев.

Елорда көшелері неге жылда жөнделеді? Сапасы сын көтермей ме?

Бұған, біріншіден, өндіріс технологиясының сақталмауы және жол-құрылыс материалдарының сапасыздығы себеп болуда. Сондай-ақ тапсырыс берушінің мердігер ұйымдарға дұрыс талап қоя алмауы мен бақылаудың жеткіліксіздігі деп білемін. Мердігерлік ұйымдар аз шығынмен көп пайда табуға тырысады, сондықтан заңсыздықтарға жол беріп, сапа ГОСТ талаптарына сәйкес келмей жатады.

Ұлттық сапа орталығы, міне, осы олқылықтың орнын жабу үшін екі жыл бұрын құрылды. Қазіргі уақытта біздің 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада филиалдары бар.

Өткен жылмен салыстырғанда жол құрылысы жақсарды деп айта аласыз ба, әлде керісінше төмендеді ме?

2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының «Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы» ММ және «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК Нұр-Cұлтан қаласы бойынша филиалымен бірлесіп, жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптауды жүзеге асыру үшін келісімшарт жасады. Жоспар бойынша 180 көшеге жөндеу жүргізу қажет болса, іс жүзінде жөнделген сол көшелердің тек 63-інде тексеріс жүргізілді. Бұл межелеген жоспардың 35%-ын құрайды. 219 құрылыс-жол материалы іріктеліп алынса, оның 67-сінің сынамасы стандартқа сәйкес келмейтін болып шықты.


Осыған байланысты біз тапсырыс беруші мен мердігерлерге жіберілген бұзушылықтарды жою бойынша 62 хат жолдадық. Бүгінгі таңда 39 нысанда 42,6 млн теңге сомасына ақаулар жойылды.

Биыл жөнделген 122 көшенің 110-ында тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл жалпы жоспардың 98%-ын құрайды. Құрылыс-жол материалдарының 562 сынамасы алынып, оның ішінде 94 сынама құрылыс нормаларына сәйкес келмейтіні анықталды. 215 тексеріс жұмыстары өткізіліп, сонын ішінде 20 нысанда құрылыс және жөндеу технологиясы сақталмағаны анықталды.

2020 жылмен салыстырғанда биыл жолдарды салу және жөндеу кезінде өрескел бұзушылықтар мен ақаулар көрсеткіші төмендеді деуге толық негіз бар.

Сапасыз салынған жолдың негізгі себептеріне тоқталып өтсеңіз?

           Бүгінгі таңда сапасыз құрылыс пен жол жөндеудің бірнеше негізгі себебін бөліп көрсетуге болады:

-        автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде сапа жөніндегі талаптарды сақтамау,

-        сапасыз материалдарды қолдану,

-        жолдың жоғарғы мен астынғы қабатының қалыңдығының жеткіліксіздігі,

-        жұмыс жүргізу технологиясын сақталмауы.

-       Сондай-ақ бақылау мен қабылдауды жүзеге асыратын бейінді білімі бар мамандардың және құрылыс-жол машиналары мен механизмдерінің жоғары бейінді операторларының аз болуы.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ШЖҚ РМК Нұр-Cұлтан қаласы бойынша филиалы тарапынан білікті мамандардың жетіспеушілігі туралы мәселені шешу үшін жыл сайын тиісті іс-шаралар өткізіледі. Филиал өткізетін іс-шаралардың бірі – «Ашық есік күні». Бұл іс-шарада жол-құрылыс саласы туралы жалпы түсінік алуға және жұмыс процесімен танысуға болады. 

Сондай-ақ COVID-19 пандемиясына дейін филиал «1000 мектеп» бағдарламасына сәйкес орта білім шаңырақтарында, оқушыларды жол саласы мамандығына тарту мақсатында жүйелі түрде кездесулер өткізіп келеді.

Қазіргі уақытта біздің филиалда Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курсының 3 студенті лаборант ретінде тәжірибеден өтуде.

Сұхбатыңызға рақмет!

 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...