Елорда коменданты үндеу жасады

12 Қаңтар 2022, 22:08
1255
Бөлісу:
Елорда коменданты үндеу жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда коменданты Ержан Сәденов қала тұрғындарын төтенше жағдай режимі аясында қабылданған шараларды бұзбауға шақырды. Бұл туралы комендатураның баспасөз қызметі хабарлады.

Коменданттың айтуынша, елордада жағдай тұрақты. Бір тәулік ішінде қалада 8 қылмыс жасалды, 83 жол-көлік оқиғасы тіркелді, нәтижесінде екі адам зардап шекті.

Сондай-ақ, 464 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 183-і тиісті ережелерді бұзу, 36-сы қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішу және 18-і халықтың көші-қоны саласында бұзушылық фактілері.

Естеріңізге сала кетейік, қала периметрі бойынша тәулік бойы 6 блокпост жұмыс істейді.

Төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері 200-ден астам адам ұсталды. Оның ішінде 28 адам әкімшілік қамауға алынды.

Төтенше жағдай кезінде жалған хабарламалар пайда болды, олар тоқтатылды. Тұрғындардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрайды.

Жалған ақпарат таратудың 3 фактісі анықталды. Барлық факті бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Жалған ақпарат таратуға жол берілмейтіні туралы ескертемін. ТЖ жағдайында ҚР ҚК 274-бабына сәйкес жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Тағы да еске саламын, төтенше жағдай кезінде құқыққа қарсы іс-әрекет жасау жағдайды ауырлататын мән-жай болып саналады және неғұрлым қатаң жауапкершілікке әкеп соғады. Құрметті тұрғындар, коменданттық сағатты бұзбаңыз, заңға бағыныңыз және тыныштықты сақтаңыз, - делінген елорда комендантының үндеуінде.

Өзгелердің жаңалығы