Бас жаңалықтар
Елордаға газ келді
04 Шілде 2020, 16:05 233

Елордаға газ келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Өнеркәсіптік сектор мен тұрғын үй алаптарын газдандыру 3 кезең бойынша жүргізіледі.

Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы әлеуметтік нысандар және жеке тұрғын үйлерге табиғи газ тартылды. "Көктал-1" және "Железнодорожный" тұрғын үй алаптарында "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №29 мектеп және бірқатар жеке үй газға қосылды. Техникалық қосылу газ тарату желілерінің жеке үйлер мен ғимараттарды газға қосуға дайындығын көрсетті. Басқа тұтынушыларға газ тарту рәсімі іске қосу-жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жалғасады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Железнодорожный" тұрғын үй алабын газбен жабдықтау бойынша газ тарату желілерінің 96%-ы салынды. ЖЭО-1/2, тұрғын үй алаптарында тікелей үйлерге желілерді бұру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов ағымдағы жылыту маусымында газ тарату желілері жеке сектордың 8 мың үйіне тартылатынын атап өтті.

Газдандыру - біздің Тұңғыш Президентіміздің тарихи жобасы. "Бес әлеуметтік бастаманың" бірі газдандыру болып табылады. 1 мың шақырымдық магистралды газ құбыры өткен жылы елордаға өткізілді. Газдандыру жүйесі мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Биыл біз 8 мың жеке үйге газ тарату желілерін салуды жоспарлап отырмыз. Бүгін Астана күні қарсаңында алғашқы әлеуметтік нысандар мен үйлерге газ тартылды. "Көктал-1, 2", "Агрогородок", "Промышленный", "Железнодорожный" және Оңтүстік-шығыстың жартысына ағымдағы жылыту маусымының бірінші кезеңінде газ жүргізіледі. Сондай-ақ, ЖЭО - 1/2 газға ауыстырылады, - деді қала әкімі.

Қала тұрғындары үшін әкімдік тегін есептеуіштер қарастырған. Қала тұрғындарына газ тарату желілеріне қосылу үшін пеш дайындау қажет. Өнеркәсіптік сектор мен тұрғын үй алаптарын газдандыру 3 кезең бойынша жүргізіледі. 

Екінші кезеңде газ Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар (1-2 ПК), Тельман (3-ПК), Пригородный, Garden Village және Family Village (4-ПК) тұрғын алаптарына өткізіледі. Үшінші кезекте Ильинка (1-2-ші ПК), Шұбар (3-ші ПК), Өндіріс (4-ші ПК) тұрғын алаптары газдандырылатын болады. Іске асыру мерзімі - 2020-2023 жж.

Елорданы газдандыру қалаға зиянды қалдықтарды 6 есеге, қатты заттарды – 40 мың тоннаны азайтуға мүмкіндік береді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...