Бас жаңалықтар
COVID-19: Елорда дәріханалары апта сайын толықтырылады
09 Шілде 2020, 22:23 159

COVID-19: Елорда дәріханалары апта сайын толықтырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімдігінде COVID-19-бен күресу үшін қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, балама дәрілердің тізімін кеңейту, дәріханаларға дәрі-дәрмектерді тарату мәселелері талқыланды.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов дәріхана желілерінің дистрибьюторларымен, фармацевтикалық компаниялар мен дәріханалардың өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Нұр-Сұлтан әкімдігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, елге дәрі-дәрмектерді сатып алу және әкелу процедураларын жеңілдету, логистика мәселелеріне қолдау көрсетеді.
Біз мемлекеттік органдармен бірге дәрі-дәрмек қорын толықтыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізудеміз. Біріншіден, сатып алу және әкелу рәсімдері жеңілдетілді. Бюрократиялық мәселелер шешілді. Біз логистика мәселелері бойынша қолдау көрсетудеміз. Екіншіден, тиісті органдар Мемлекет басшысының тапсырмасымен алыпсатарлықты және бағаны заңсыз көтергендерді анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Қазірдің өзінде 8 адам сот шешімін күтуде. Бірнеше қаптаманы сатып алып, алып-сатарлық жасамау үшін дәрі-дәрмектерді жан басына тарату шектелді – олар емдеу барысында қажет мөлшерде ғана беріледі. Біз нарықтың адал өкілдеріне көмектесеміз, енді сіз өзіңіздің әлеуметтік жауапкершілігіңізді көрсетуіңіз керек. Дәрі-дәрмектердің бағасын көтеруге, алыпсатарлық жасауға болмайды. Сонымен қатар дәрі-дәрмектердің аналогтарын, балама түрлерін сатып алу қажет. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз, – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Фармацевтикалық қызмет өкілінің айтуынша, 10 күннің ішінде елге 2 миллионға жуық парацетамол жеткізіледі.
Біз барлық аймақтарға біркелкі таратамыз. Дәріханаларда көптеген дәрі-дәрмектердің аналогтары бар, біз оларды қосымша сатып аламыз. Мысалы, парацетамолды ибупрофенмен алмастыруға болады. Біз вирусқа қарсы және дене қызуын төмендететін дәрілерді аз мөлшерде тұрақты негізде жеткізіп отырамыз. Логистика мәселелері шешілген кезде "Іңкәр" ЖШС аптасына екі рет дәріханалар қорын толықтырады. Басқа фармацевтикалық компаниялар да дәрі-дәрмектерді жеткізу көлемін арттырады, – деді Фармацевтикалық қызмет өкілі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...