Елордалық белсенділер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митингке шықты

19 Қазан 2019, 14:24
3536
Бөлісу:
Елордалық белсенділер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митингке шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азаматық белсенділер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы митингке шықты. Бейбіт акция Жерұйық саябағында 250-ге жуық адамның қатысуымен өтті.   

Шараға қоғамдық бірлестіктер, танымал қоғам қайраткерлері мен аталған мәселеге бей-жай қарамайтын азаматтар қатысты. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бейбіт митингтiн мақсаты қоғамның назарын отбасы құндылықтарын сақтауға, бір-біріне сыйластықпен қарап, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға арналған. 

«Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Ахметжанова әйелдер мен балалар өздерін қауіпсіз сезінуі үшін қазақстандықтарды тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресуге шақырды. 

«Бұл жерде бәрімізді қаламызда болған қайғылы оқиға жинады. 6 қазан күні болған отбасылық ұрыс-керіс кезінде күйеуі әйелін қала сыртына алып барып, үстіне бензин құйып өртеп жіберді. Ол әйел моральді түрде де, физикалық түрде де зардап шекті. Қазір зардап шеккен әйел өлім мен өмір арасында жатыр. Көп әйелдер тұрмысық зорлық-зомбылық көрсе қайда хабарласуын білмейді. Егер тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алса, дереу полицияға немесе қоғамдық ұйымдарға хабар беру керек. Қалада ондай ұйымдар жеткілікті. Егер сіздерге сол ұйымдардың байланыс нөмірлері керек болса, біз оны беруге дайынбыз», - деді ол. 

«Ауғанстан соғысы ардагерлерінің кеңесі»  төрағасының орынбасары Миранбек Түлекбаев біреудің өз отбасында зорлық көруіне жол беріп қойып, біз жас ұрпақтың болашағын бұлыңғыр етеміз деді.  

«Отбасыдағы қорлыққа жол беру қоғамның деградацияға ұшырауына жол беру деген сөз. Өздеріңіз білесіздер, әр отбасы кішігірім социум. Онда болып жатқан нәрселер қоғамда орын алады», - деді ауған соғысының ардагері. 

«Нұр-Сұлтан қаласының Чернобль одағы» ҚБ-нің төрағасы Қуандық Омарбаев шеруге қатысушылардың назарын қоғамдағы әкенің рөлін көтеруге аударды. 

«Ер азамат отбасының көз алдында, әсіресе балалары үшін үлгі болып саналады. Өкінішке қарай, бұл қазір процесс кері кетті. Ер азаматтар өз бойындағы жақсы қасиеттерін көрсете бермейді. Сондықтан, барлық азаматтарға қаратып айтамын, отбасы дегеніміз – жанұя. Жанұя деген махаббат пен бір-біріне деген сыйластық болуы тиіс ұя. Ер азамат – ол қорған. Отбасындағы барлық әйелдер сүйікті әрі қадірлі болса екен деймін. Ал әйелге қол көтеретін ол еркек емес. Себебі, ер азамат ол мықты әрі сыпайы болуы керек», - деді Қ.Омарбеков. 

Заңгер Әйгерім Қалдығұлова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге құқықтық және консультациялық көмек көрсетті. 

Оның айтуынша, көптеген ерлер ажырасқан соң жұмыс істеп, алайда алимент төлемес үшін табысын жасырады. Заңгер осы орайда барлық әйелдерді заң жағынан сауатты болып, алимент төлеттіріп, өз құқықтарын қорғауға шақырды. 

Отбасы құндылықтарын сақтау туралы «BALAUSA CLUB» ҚБ жетекшісі Килара Алданыш та көтерді. 

«Мен көпбалалы анамын, төрт бала тәрбиелеп отырмын. Отбасы  құндылығы мен дәстүрлерінің аяқасты болғанын көру өте ауыр. Бңз балалардың тәрбиесіне жауаптымыз. Ол біздің еліміздің болашағына байланысты.   Егер балалар  отбасында зорлық-змбылық көрмесе, кейін өзінің отбасында да оған жол бермейді. «Не ексең, соны орасың» деген халық даналығы тегін айтылмаған», - деді К.Алданыш. 

Митинг кезінде «Оңалту технологиялары және концепциялары» ҚҚ-ның директоры Орынбасар Құлжабаева, құқық қорғаушы Қаби Рустам және тағы басқалары қатысты. 

Қатысушылар Қазақстан тұрғындарын отбасы құндылықтарын сақтауға және әйелдер, қарттар мен балаларға қатысты жасалған зомбылық фактілерін объективті тергеуді қамтамасыз етуге шақырды. Бейбіт митингке қатысқандардың барлығы қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол беруге жол беруге болмайтынын айтып, оған қарсы күреске бірігуге шақырды. 

Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде елорда тұрғыны Анар Бітебаева өз парақшасында қалалық әкімдік 19 қазанда сағат 10.00-11.30 аралығында Жерұйық саябағының солтүстік-батыс бөлігінде бейбіт митинг өткізуге рұқсат бергенін хабарлаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы