Елордада ҰОС ардагері өмірден өтті

3 Маусым 2019, 15:05
2250
Бөлісу:
Елордада ҰОС ардагері өмірден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Ардагерлер кеңесі 2 маусым күні Ұлы Отан соғысының ардагері Тұқпат Бакишевтің 93 жасында өмірден өткенін хабарлады.

Ардагер 1925 жылы 14 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1943 жылы сәуір айында Шығыс Қазақстан облысы Бұқтырма аудандық әскери комиссариатынан Қызыл әскер қатарына шақырылды. Севастополь қаласындағы ұрыстарға қатысты. Балтық жағалауын, Белоруссияны азат етіп, Берлинге дейін жетті.

1944 жылдың 16 қаңтарында Шығыс Пруссия Шестокен елді мекені үшін ұрыста Тұкпат Бакишев телефонист болды, бір тәулік бойы ұрыс алаңындағы жаяу әскермен және дивизион командирімен байланысқа шығып отырды.

Жаудың қарша боратқан оғына қарамастан, Тұкпат Бакишев ұрыс күні жаудың 48-ден астам телефон сымын жойды.

Неміс басқыншыларымен болған шайқаста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Т.Бакишев Қызыл Жұлдыз орденімен және 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, үкіметтік награда 3-ші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Соғыс аяқталғаннан кейін Мәскеуде қалып, Гагаринский АІІБ-да жұмыс істеді, сол жерден зейнетке шықты.

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы және жеке құрамы ардагердің туысқандары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Өзгелердің жаңалығы