Елордалық ұландықтар іздеудегі баланы тапты

7 Қазан 2021, 17:06
2710
Бөлісу:
Елордалық ұландықтар іздеудегі баланы тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 6 қазанда патрульдік топ бастығы кіші сержант Азамат Кәрімов және патрульші қатардағы жауынгер Сұңғат Жүкенов елорданың Есіл ауданында қызмет атқару барысында маршруттарды тексеруге шығады, деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.

Қонаев пен Достық қиылысындағы бағдаршамға жақындай бергенде оларға жасөспірім қыз жақындап, «Астана-Бәйтерек» монументінің қасында қараусыз қалған баланы байқағанын айтады.

Ұл бала өте мазалы екен. Сол себепті оның мекенжайын және ата-анасы туралы мәліметті біле алмаған. Содан кейін кіші сержант Азамат Карімов оны жақын жерде тұрған туристік полиция пунктіне апарады.

Кейін белгілі болғандай, 8 жасар ұл баласына ата-анасы әлеуметтік желі арқылы іздеу салыпты. Ондағы мәлімет бойынша балақай сағат 16.00 шамасында жоғалып кеткен 1-сынып оқушысы екен. Мектептен кейін үлкен ағасын күтпестен жолға шығып кетіпті.

Баланың ата-анасымен байланысқа шығып, әскери жасақ туристік полиция бөлімінің тәртіп сақшысымен бірінші сынып оқушысын ата-анасына тапсырады. Әке-шешесі баланы дер кезінде тапқандары үшін Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне алғысын білдірді.

Дәл сол күні кешкісін Қошқарбаев көшесінде басқа әскери жасақ 10 жасар бүлдіршінді табады. Бұл жолы әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Мұрат Қаржауов пен патрульшілер қатардағы жауынгерлер Алпамыс Нәби мен Саржан Қылышбай қырағылық танытады.

Осы жолы қосымша сабаққа қатысып шыққан қыз баланың адасып кеткені белгілі болады. Қолындағы ұялы телефонынан әкесінің телефон нөмірін алып, ұландықтар қоңырау соғады. Нәтижесінде әкесі көрсетілген орынға келіп, қызын алып кетеді.

Азамат бүлдіршінін тауып берген әскери жасаққа және оларды елжандылыққа тәрбиелеген 5573 әскери бөлімінің басшылығына үлкен алғысын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы