Элизабет Тұрсынбаева жас спортшыларға кеңес берді

15 Ақпан 2019, 08:52
2796
Бөлісу:
Элизабет Тұрсынбаева жас спортшыларға кеңес берді
PHOTO

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Төрт құрлық чемпионатында» күміс медаль алған  мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева елге оралды. Ол туған күнінде  жанкүйерлерімен кездесіп, ізінен ерген жас спортшылардың сауалдарына жауап берді. 

Бүгін Элизабет Тұрсынбаева 19 жасқа толып отыр.

Кішкентай спортшылар кездесуді ұзақ күтті. Элизабет Тұрсынбаеваны қаумалап орталарына алып, спортшыға сауалдарын қойды.

Элизабет Тұрсынбаева жас спортшыларға кеңес берді

Ол 5 жасынан бері спорттың осы түрімен айналысады. 14 жыл болды. Айтуынша, ресейлік маман Этери Тутберидзе қатал, әрі әділ жаттықтырушы.

«Егер жаттыққың келмесе ол сені қинамайды. Өзің үшін жұмыс істейсің. Командада барлығымен жақсы араласамын, бәрімен доспыз. (...) Әр жарыс сайын қаншама толқу болады. Бұл қалыпты жайт. Жарыс алдында уайымдасаң, ештеңе етпейді. Толқудың өзі кейде саған көмектеседі. Тым байсалды болудың өзі кедергі болады. Кішкентай жарақаттар көп, тұрақты десе де болады. Оған көнуің керек» - деп ақыл-кеңесін айтты Тұрсынбаева.

Ол алдағы жоспарларымен бөлісіп, наурызда Ресейде өтетін универсиадаға дайындалу үшін Мәскеуге баратынын айтты.  

«Мәнерлеп сырғанауға бар өмірін арнаған барлық спортшының арманы – Олимпиадада жеңіс тұғырынан көріну. Менің де арманым - осы», - дейді Элизабет. 

Элизабет Тұрсынбаева жас спортшыларға кеңес берді

Спортшы осы маусымдағы қысқа бағдарламасы ұнайтынын және ол ең үздік прокаттың бірі екенін атап өтті.  Сондай-ақ, «Төрт құрлық чемпионатындағы» өнері туралы пікір білдірді.

«Тыңғылықты дайындалдым. Дайындық оңайға соқпады. Қысқа бағдарламадан кейін алтыншы орында тұрдым. Бапкерім екеуміз жоғалтатын ештеңе жоқ деп ойлап, еркін бағдарламада төрттік секірісті жасадым. Әрине, екінші орынды күтпеген едім, бірақ өте қуаныштымын.  Қазір мен «төрттік сальховпен» жұмыс істеп жатырмын. Соңғы жарыста байқап көрдім, бірақ құладым. Жарыста алғаш рет орындап көрдім. Құлау бұл – қалыпты жайт. Күрделі элемент не дегенмен. Әйелдер арасында әзірге ешкім орындаған жоқ. Тағы да секіріп көремін», - деді Тұрсынбаева.  

Элизабет Тұрсынбаева жас спортшыларға кеңес берді
Ол алдағы жарыстарда «төрттік сальховты» орындайтынын айтты.

«Сальховпен» жұмыс істеуді бастап кеттім және бағдарламамда секіріп көрдім. Шегінерге жол жоқ. Оны толық орындауға тырысу керек. Бұл – әрдайым сүйікті секіру элементім. Алғашқы кезден осы секірудегі техникам жақсы болды деп ойлаймын. Осыған дейін шамамен екі жыл бұрын секіріп көрдім. Мүмкін жеңілдік те көмектесетін болар», - деп айтты спортшы.  

Элизабет Тұрсынбаева жас спортшыларға кеңес берді

«Бүгін сондай қиын күн болды. Таңғы бесте Мәскеуден ұшып келдік. Ал бұл күтпеген кездесу болды, соңғы сәтте ғана білдім. Осыншама адам келгеніне, мені қарсы алғанына таң қалдым. Тосынсый болды.  Жас мәнерлеп сырғанаушыларға ата-аналарын тыңдасын деймін. Олар жаман кеңес бермейді. Ата-аналар әрқашан өз өмірлерін балаларына арнайды, балалар мұны бағалауы тиіс», - деп сөзін түйіндеді Тұрсынбаева.

Еске сала кетсек, АҚШ-тың Анахайм қаласында «Төрт құрлық чемпионаты» өткен болатын. Қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева қос бағдарламаның қорытындысы бойынша 207,12 ұпаймен күміс медальға ие болды.
Назерке АБИБУЛЛА
Өзгелердің жаңалығы