Еліміздің ЖОО-лары неліктен лицензияларынан айырылып жатқаны белгілі болды

21 Мамыр 2021, 17:29
3009
Бөлісу:
Еліміздің ЖОО-лары неліктен лицензияларынан айырылып жатқаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен жылдан бастап 38 жоғары оқу орны бейінді емес бағыттар бойынша 150-ден астам лицензияға қосымшадан айырылды. Бұл туралы ҚР БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Тағы төрт университет биыл оқу жылы аяқталғаннан кейін 14 бағыт бойынша лицензияларын қайтарады. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жоғары оқу орындарын бейіндеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін бағыттар бойынша лицензияларға қосымшаларды мемлекеттік жоғары оқу орындары да, жекеменшік білім ордалары да қайтарады.

Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жоғары оқу орындарында сұранысқа ие емес лицензиялар бойынша мониторинг жүргізді. Кейбір университетте 1-4-курстарда барлығы 10-15 студент немесе әр курста 3-4 адамнан оқитын бағыттар бар екенін көрдік. Мысалы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде бакалавриаттың «мал шаруашылығы», «су ресурстары» және «суды пайдалану» бағыттары бойынша білім алатын студенттердің саны аз. Аталған мамандықтар бойынша тек 10-18 адам оқиды. Мұндай жағдай басқа да университеттерде кездеседі. Жоғары оқу орындары қолданыстағы лицензиялар бойынша ревизия жүргізеді және директорлар кеңесінің отырысында кадрларды даярлаудың бейінді емес бағыттары бойынша лицензияларды қайтару туралы шешім қабылдайды, – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейтуді тапсырған болатын. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарын кезең-кезеңмен профильдеу мен жоғары білімнің сапасын арттыруды қамтамасыз етуді жүктеді.

Өзгелердің жаңалығы