Бас жаңалықтар
Еліміздің үздік оқушылары анықталды
20 Наурыз 2019, 14:09 587

Еліміздің үздік оқушылары анықталды

Ақтөбе, BAQ.KZ.kz тілшісі. Жаратылыстану-математика бағытындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасы бүгін қорытындыланды. Ақтөбеде 15-20 наурыз аралығында өткен білім додасына 1 мыңға жуық оқушы қатысты. Астана қаласы мен "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" командалары үздік атанды.

Жаратылыстану-математика бағытындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасы араға 21 жыл салып, Ақтөбеде тағы өтті.  Білім додасы алғаш рет 1998 жылы осы өңірде өткен болатын.

"Баршаңызды Ақтөбе өңірінде республикалық олимпиаданың өткізілуімен құттықтаймын. 800-ден астам оқушының Ақтөбеге келіп, бақ сынауы үлкен мәртебе. Ақтөбе - кешегі сұрапыл соғыста ерлік танытқан Әлияның елі. Бүгінгі өз замандастарың, озат оқушы Димаштың елі. Бір апта уақыт бақтарыңызды сынап, бүгін сайыстың мәресіне жеттіңіздер. Жақсы нәтиже көрсетулеріңізге осындағы аға-апаларыңыз барынша жағдай жасады. Сайыс болған соң жеңімпаз болады. Бәріңізге сәттілік жетіспеген шығар, дегенмен, осы олимпиадаға қатысудың өзі үлкен жетістік. Бір апта ішінде Ақтөбені аралап, көріп шықтыңыздар", - деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

21 жыл ішінде алғаш рет еліміздегі оқушылардың республикалық олимпиадасы онлайн тәртіпте өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, оқушылардың Олимпиадаға қатысуы ашықтығын қамтамасыз етеді. Биыл білім сайысына 832 оқушы бақ сынады. Қазақстанның барлық өңірлерінен, Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымынан 19 команда қатысты. Дені - халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері.

"Олимпиадамыз 21-рет өтті. 1998 жылы республикалық олимпиада Ақтөбе қаласында өткен болатын. 21-ші олимпиада да осы өңірде өтіп жатыр. Халықаралық деңгейде Қазақстанның намысын қорғаған Ақтөбенің ең дарынды балалары. Математика пәнінен Бектеміров Бауыржан, химия пәнінен Нұртасов, информатикадан Алтыбай Назарбек. Ақтөбелік дарынды балалар ел мақтанышы. Олимпиаданың барлық тапсырмасы жасырын болды. Олимпиада онлайн тәртіпте өтті",- деді ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева. 

Республикалық олимпиадада "Үздік олимпиада командасы" номинациясы бойынша 1-дәрежелі дипломмен Астана қаласы мен "Назарбаев зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарының командалары марапатталды. Алматы, Павлодар, Ақтөбе облыстарының командалары үздіктер қатарында. 72 оқушы алтын медаль, ҚР БҒМ 1-дәрежелі дипломына ие болды. 300-ден көп сайыскер күміс және қола медальдармен марапатталды.


Фото: автордан

Сізден жаңалық